Ғылыми қызмет –әлемдегі прогрессивті бағыт. Бүгінгі таңда еліміздегі жас мамандар мен ғалымдардың жайы туралы ІТ маман, риск-менеджер Нұржан Айымбетов сұхбат берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Нұржан, уақыт бөліп, сайтымызға сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Бізге туған жеріңіз, отбасыңыз жайында айтып берсеңіз.
Мен Қызылорда облысындағы шағын Шиелі ауылында үлкен отбасында дүниеге келіп, атаулы елдімекенде өстім. Ата-анам қарапайым жұмысшы болды. Олар алты баланы ел қатарлы өсіріп, қанаттандыру үшін өмір бойы еңбек еткен адамдар. Біз сүйіспеншілік пен қамқорлықты көріп өстік, білім алып, еңбек етуді үйрендік. Білім және ғылымға деген құштарлық ата-анамыздың бағыттауымен бала кезден қалыптасты деп сеніммен айта аламын. Олар бізге үлгі болды, мені еңбекқорлыққа баулып, менің дамуыма күш салды.
- Сіз академик О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде білім алдыңыз. Физика-математика мектебінің басты мақсаты қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балаларды анықтап, әрі қарай дамыту, елдің зиялы элитасын қалыптастыру екені белгілі. Мектептің көптеген түлегі беделді саясаткер, әлеуетті ғалым, табысты бизнесмен, корпоративтік мәдениеті көш ілгері, өз саласында білікті маман болып қалыптасқан адамдар. Осындай арнайы мектепте қалай оқуға болатыны жайында айтып өтсеңіз.
Қысқаша айтсам, оқуға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бұл өмірімдегі бөлек әңгіме. Балалардың дамуына көбірек мүмкіндік беру үшін ата-анамыз 1989 жылы Алматы облысы Есік қаласына көшуге шешім қабылдайды. Бірінші сыныпқа Есік қаласындағы мектепке бардым. Математикадағы жетістіктерімді ескере отырып орта сыныптарда мұғалімдер маған және ата-анама физика-математика мектебіне құжат тапсырып көруге кеңес берді. Сол кезде ғана бұл мектеп туралы алғаш естідім. Емтиханға жақсылап дайындалуға тырыстым, өйткені үміткерлер арасында байқау жоғары болды (1 орынға шамамен 18 адам). Үміткерлердің бәсекеге қабілетті тобына өту үшін екі жазбаша емтихан және математика мен физикадан екі тест тапсыру керек болды. Менің талпынысым бос кетпеді, сол кезде мектепке түскендердің қатарында балл бойынша екінші орында болдым. Қарапайым ауыл баласының бір арманы орындалды. Бірақ бұл бастамасы ғана еді, үлкен мұнардың бір шеті ғана десе болады. Мектепте оқу орасан зор ыждағат пен еңбекті қажет етті. Әрине, мұндай беделді мектепте дарынды балалар арасында оқу үлкен жауапкершілікті талап етті. «Адал бәсекелестік» не екенін бала кезден білемін десе де болады (күледі). Күн сайын 8-10 сағат есеп шығарумен болдым. Бірінші кезекте менің талантыма, қабілетіме сенген мектептегі ұстаздарымның, ата-анамның үмітін ақтағым келді және ең бастысы – өзіме берген сертімді бұзғым келмеді.
– Университетке түсерде неге ІТ мамандығын таңдадыңыз? Ол кезде ІТ бағыты қазіргідей сұраныста болмады ғой?
2006 жылы мен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің грантын иелендім. Іс жүзінде маған барлығы түсінікті әрі қарапайым еді. Мен Билл Гейтстің жетістіктеріне тәнті болдым. Сол кездің өзінде бұл дарынды әрі бірегей адам ондаған жылға ілгері жоғары әлеуетке ие бағытта еңбек етіп жатқанын түсіндім. Осылайша ІТ бағытына бет бұрдым. Мамандықты таңдау жеке шешімім еді. ҚазҰТУ студенттерге жоғары талап қойылған беделді жоғары оқу орны. Бұл ЖОО маған еңбек нарығында білікті және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптастуға көмектесті. Студент болып жүргенімде мен елдегі ірі банктің бірінде ІТ маманы болып жұмыс істедім. Жұмыс өтілі бар маман ретінде мен 2012 жылы магистратураға түсіп, ІТ саласында техникалық ғылымдардың магистрі атандым.
– Біздегі ақпаратқа сүйенсек, сіз еңбек жолыңызды ең төмен позициялардан бастаған екенсіз. Қызметті төмен лауазымнан бастауға деген құлшынысқа не түрткі болды?
Сол кезде менің жалғыз қалауым – жұмыс істеп жатқан салаңда білікті болу еді. Осы межеге жету үшін маған бәрін егжей-тегжей білу, ең төменнен бастап практикада бәрін үйрену маңызды болды. Бірақ практикалық жағына уақытым жетпей жүрді. Әрине, белгілі бір уақыттан кейін компанияның бас кеңсесінде жетекші болуды мақсат еттім. Қызметтегі басқа қосалқы бағыттарды зерделей отырып, күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Өйткені нарықта бәсеке артып, талап қатая түсті. Мансап жолымдағы әр қадамымда біліктілігімді дәлелдеп, табысты жетістіктерді көрсетуге тура келді. Магистратураны бітірген жылы мен компанияның бас кеңсесіне ауыстым. Содан сегіз жылдан кейін Қазақстанның ірі банктерінің бірінде бас кеңсенің жетекшілігіне тағайындалдым. Қазір цифрлық несие тәуекелдері бағытына жетекшілік етемін, онда ІТ маманының біліктілігі риск-менеджердің қызметін толықтырады.
– Нұржан, қазір ғылыми жобаларға қатысып жүрсіз. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?
Ғылыми қызмет мақсаттарымның бірі. Магистратурадан кейін ғылым саласына барынша үлес қосып, дамыту үшін маған айтарлықтай практикалық тәжірибе керек деген шешімге келдім. Менде ақпараттық жүйелер мен технологиялар саласындағы рейтингті жоғары халықаралық басылымдарда 5-тен астам ғылыми еңбегім бар. Бұл менің ғылымға және ІТ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесімді көрсетеді. Жарияланған ғылыми жұмыстардың басым бөлігі Импакт-фактор көрсеткіші жоғары журналдарда жарыққа шыққан. Бұл көрсеткіштер басылымның орташа жылдық аталу санын білдіреді әрі атқарылған жұмыстардың өзектілік дәрежесін көрсетеді. Бұл журналдың өз саласындағы салыстырмалы өзектілігінің көрсеткіші ретінде жиі қолданылады, сонымен қатар миллиондаған оқырман арасында басылымның танымалдығын дәлелдейді. Жұмыстарымның ішінде «Саусақ бөлігі бүгілетін механикалық қол» (Механическая рука с фаланговым охватом) атты бірегей әзірлемемді атап өтуге болады. Бұл еңбек машина жасау саласына жатады, нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп саласында роботтың буынды механикалық қолын құрастыруға арналған. Мұндай робот цилиндр және сфералық пішінді, сақиналы саңылауы бар заттарды қапсыра ұстап, тиеу-көтеру үшін қолданылады. Мысалы, піскен қызанақ, түрлі агро, бау-бақша өнімдерін көтеруге болады. Сонымен қатар адам денсаулығына қауіпті технологиялық операцияларды орындау кезінде қажет, мысалы өндіріс саласында пайдалану үшін атом электр станциясының ядролық реакторының жылу бөлетін жинағының жылу бөлетін элементін көтеріп-түсіру үшін қолдануға арналған. Біз ғылыми топпен бірлесіп, ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми қызметпен және өзекті мемлекеттік жобалармен айналысамыз. Соңғы бес жылда біз өнеркәсіптік кәсіпорындарда тиімді пайдаланылатын және еңбек, қаржылық шығындарды айтарлықтай төмендететін, өнімділікті арттыратын төрт табысты жобаны сәтті жүзеге асырдық.
Ғылыми қызметіміздің нәтижесі бойынша соңғы жарты жылда бізді көрнекті ғалымдар мен беделді ұйымдар тәжірибе алмасу үшін түрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен беделді көрмелерге шақырды. Біз сарапшы, кәсіпқойлар ретінде түрлі халықаралық конференцияларға қатыстық. Мұндай дәреже біздің жақсы жұмыс деңгейімізді және сәтті аяқталған практикалық және коммерциялық жобаларымыздың жемісі.
Мен цифрлық риск-менеджмент блогында жұмыс орнына үміткерлерді іріктеу, олармен әңгімелесу процесіне қатысамын. Онда мен қызметкерге қойылатын талаптарды тұжырымдауға және риск-менеджерлер, дата-аналитиктер, дата-инженерлердің (ІТ мамандары) лауазымына сәйкестігіне, тест тапсырмаларының нәтижелерін бағалауға және цифрлық риск-менеджмент блогында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне біліктілік деңгейін анықтауға жауаптымын.
Менің ойымша, бұл қоғамға пайдалы өнімді алудың ең тиімді әдісі болады. Оны мен ғалым әріптестеріммен бірге зерттеп, құратын боламын. Қазіргі кезде ғылыми қызмет –әлемдегі прогрессивті бағыты деп санаймын.
– Қазіргі жастардың білім алуға деген көзқарасына баға бере аласыз ба? Сол көзқарас соңғы кезде өзгеріп кетті деп санайсыз ба?
Өкінішке қарай, жастардың талпынысына көңілім толмайды. Бәрі деп айта алмаймын, бірақ білімді және келешегі зор жастардың басым бөлігі жеңіл, тез үйренуге болатын, көп еңбекті талап етпей – тез табысқа жетелейтін бағытта білім алуды қалайды. Мысалы, SMM мамандығын үйренгісі келеді, не блогер болып, басқаларға ақыл айтқысы келеді, бірақ базалық білімі болмауы да мүмкін. Мұндай үдерісті күнбе-күн байқауға болады. Мен жастардың колледж немесе университетте сапалы білім алғанын, өзіне және отбасына ғана емес, еліне, жеріне, қоршаған ортасына пайдасын тигізгенін қалаймын.
– Нұржан, отбасыңыз, жұбайыңыз бен балаларыңыз жайлы және келешекке деген жоспарыңызды айтып өтсеңіз?
Жұбайым Айжан екеумізде алтындай үш баламыз бар. Сегіз және бес жасар екі ұлымыз, 4 жасар қызымыз бар. Айжан да ІТ маманы, бұл салада 10 жылдық еңбек өтілі бар. Үлкен ұлым үшінші сыныпта оқиды. Екінші ұлым бес жаста болса да математикаға қабілеті жоғары, көпмәнді сандарды есептей алады. Кенжеміз де ағаларынан қалыспайды. Жұбайым екеуміз балалардың білімі мен дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Олар болашақ ғұлама адамдар болады деп сенеміз. Ең болмағанда, олар кішкентай кезінен бастап өте жауапты болуға, қоршаған әлемге және мұқтаж адамдарға қамқорлық жасауға тырысады. Біз оларды барлық бастамасын, талап-тілегін қолдаймыз. Негізінде, ата-анамыз бізге берген тәрбиесін біз балаларымызға сіңіруге тырып жатырмыз.
PHD-ге түсіп, Cyber Security бағытында жұмыс істеуді жоспарлаймын. Осы саладағы ондаған жыл ілгері әлеуеттің барын сеземін. Сонымен қатар ғылыммен тығыз айналысқым келеді. Өзімді білікті ғалым ретінде көремін.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет.