2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандық IT өнімдерінің экспорты 253 млн долларға жетті. Цифрлық даму министрлігі редакция сауалына ресми жауап беріп, сұранысқа ие отандық шешімдерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
IT өнімдер қай елдерге экспортталып жатыр?
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда отандық цифрлық шешімдер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Нидерланды, Кипр, БАӘ, Ресей және Өзбекстанға экспортталып жатыр. Экспорт географиясының кеңеюі – қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді, – делінген редакция сауалына берілген ресми жауапта.
Сұранысқа ие отандық шешімдер қандай?
Халықаралық ынтымақтастық тәжірибесіне сәйкес, әр елдің IT сұранысы оның мәдениеті мен экономикасына тәуелді. Мысалы, ислам елдерінде жергілікті ерекшеліктерді ескеретін өнімдер сұранысқа ие. Солардың бірі – Alaqan шешімі. Ол адамның түрін көрсетпей сәйкестендіруге және тіркеуден өтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жасанды интеллектіге негізделген Higgsfield өнімдері – бейнемазмұн жасауға арналған құралдар. Медиа, маркетинг пен білім саласында кең қолданыс тапқан.
Үлкен деректер мен болжамдық аналитика бағытында CybernetAI әзірлемелері ерекше аталады. Олар өнеркәсіп, логистика, қаржы және қауіпсіздік жүйелерінде қолданылады. Мұндай кешенді шешімдер басқару тиімділігін арттыруға сеп.
Электрондық үкіметке қызығушылық жоғары
Шетелде GovTech, яғни цифрлық мемлекеттік қызметтер саласындағы шешімдерге қызығушылық жоғары. Оларға:
- электрондық құжат айналымы,
- онлайн мемлекеттік қызметтер,
- киберқауіпсіздік,
- деректерді талдау құралдары жатады.
Бұл шешімдер салық, кеден, әкімдіктер мен жоспарлау саласында қолданылады.
Экспорт көлемі қалай өзгерді?
Ұлттық банктің дерегінше, IT өнімдері мен қызметтер экспортының динамикасы:
2021 жылы – 60,07 млн доллар;
2022 жылы – 337 млн доллар;
2023 жылы – 529,1 млн доллар;
2024 жылдың 1-тоқсаны – 149,12 млн доллар;
2025 жылдың 1-тоқсаны – 252,99 млн доллар.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығына қатысты нақты мәліметтер қазан айында ұсынылады.
Экспорттың пайдасы қандай?
Министрліктің айтуынша, IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты мынадай нақты нәтижелер береді:
- бюджетке салық түсімдерін арттырады,
- жоғары жалақысы бар жұмыс орындарын ашады;
- 1 миллиард долларлық мақсат.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында IT экспорты көлемін 2026 жылға қарай 1 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырған. Осыған орай, Министрлік цифрлық шешімдерді шетелге тарату, отандық IT кәсіпкерлерге қаржылық және әкімшілік қолдау көрсету және білім беру шараларын іске асырып жатыр.
Отандық өнімді ілгерілету жолдары
Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы цифрлық шешімдер каталогы таратылады. Бұл әдіс арқылы әлеуетті серіктестер мен тапсырыс берушілер отандық өнімдермен тікелей таныса алады, – деп мәлімдеді министрлік BAQ.KZ редакциясына жолдаған ресми жауабында.