Атырауда ит аулайтын мекеме табылмай жатыр. Ал аймақта қаңғыбас иттерге қатысты жағдай күрделі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
azh.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, Атырау қаласы бойынша иесіз иттерді аулауға тендер жарияланғанымен, әлі де мердігер анықталмаған.
Қазіргі кезде Исатай, Индер, Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандары бойынша жеңімпаз анықталып, ит аулау жұмыстары басталды, – деп хабарлаған басқармадан.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, Исатай, Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандары бойынша қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын "Forward Star" ЖШС ұтып алған. Ал, Мақат ауданындағы жұмыстарды "Green Qurlys Qyzmet" ЖШС атқарады. Қызылқоға мен Жылыой ауданы бойынша ешкім қызығушылық танытпаған. Ал Атырау қаласы бойынша ақпан айының басында екінші рет конкурсқа шығарылды. Қала бойынша қаңғыбас иттерді аулауға 42 млн теңге бөлінген.
Айта кетейік, ал бұған дейін Атырау облысында ит аулауға 71 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ күні кеше Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин иттерге қатысты қазіргі жағдайды өткір сынға алып, Үкімет бұралқы иттер мәселесін жүйелі түрде шешуі керек екенін мәлімдеді.