Испаниядағы су тасқынынан қаза болғандар саны 158 адамнан асты

1 Қараша 2024, 11:02
247
Бөлісу:
Испаниядағы су тасқынынан қаза болғандар саны 158 адамнан асты
Фото: David Ramos/Getty Images

Испаниядағы су тасқыны салдарынан қаза болғандардың саны 158-ден асты. Бұл ел тарихындағы ең ауыр апаттың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі

Бір күнде 92 адам Валенсия аймағында суға кетіп, көз жұмған. Құтқарушылар жоғалғандарды іздестіріп жатыр. Табиғат апаттан елдің шығыс аймақтары, соның ішінде Валенсия және оның маңындағы аудандар қатты зардап шекті. Кейбір тұрғындар және жергілікті саясаткерлер билік тарапынан ескерту мен жедел шаралардың кешігіп жасалғанын сынға алып жатыр. Сарапшылар күн райының күрт бұзылуын климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Айтуларынша, болашақта мұндай апаттар жиілеуі мүмкін.

Испаниядағы су тасқыны қалай басталды?

Бірінші күні Испанияда болған су тасқыны 95 адамның өмірін қиды. Су тасқыны Валенсия, Кастилья-Ла-Манча және Андалусия аймақтарына ауыр соққы болды. Кейбір жерлерде бір тәулікте мол жауын-шашын мөлшері түсіп, жолдарды су алды. Жүздеген адам эвакуацияланды.

Елдің Премьер-министрі Педро Санчес бұл жағдайды елдегі ең үлкен табиғи апаттардың бірі деп атады. Испания билігі апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру үшін Еуроодақтан қолдау сұрады.

Сондай-ақ табиғи апат салдарынан Испанияда үш күндік аза тұту жарияланды.

Сонымен қатар, Испаниядағы су тасқынынан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екені белгілі болды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Испания Короліне көңіл айту жеделхатын жолдағанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы