Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Испания елде заңсыз тұрып жатқан 500 мың иммигрантты заңдастырады

Бүгiн, 08:12
323
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Испания үкіметі ел аумағында заңсыз тұрып жатқан иммигранттарға уақытша заңды мәртебе беру бағдарламасын іске қосты. Интеграция, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрі Эльма Саистің мәлімдеуінше, бұл шара 500 мың адамға дейін қамтуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Бағдарлама аясында 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін халықаралық қорғауға өтініш беріп, елде кемінде бес ай тұрғанын дәлелдей алатын шетелдіктерге бір жылға тұру және жұмыс істеу рұқсаты беріледі. Үміткерлердің соттылығы болмауы тиіс.

Билік бұл шешімді парламентте тұрып қалған заң жобасын айналып өтіп, көші-қон заңнамасына жедел түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырмақ. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Испания 1986–2005 жылдар аралығында иммигранттарды заңдастыруға алты рет барған.

Испаниядағы бұл қадам Еуропада көші-қон саясатын қатаңдату үрдісіне қайшы келеді. Министр Эльма Саис елдің мигранттарға қатысты гуманистік ұстанымын сақтайтынын айтып, Испанияны «қарсы ағымдағы маяк» деп атады.

Алайда бастама оппозиция тарапынан сынға ұшырады. Консервативті Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо үкіметті ішкі дағдарыстардан назарды басқа жаққа бұруға тырысты деп айыптаса, оңшыл Vox партиясының лидері Сантьяго Абаскаль бұл шешім миграциялық қысымды күшейтеді деп мәлімдеді.

Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі таңда Испанияда 800 мыңға жуық заңсыз иммигрант тұрады. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, туризм және қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.

Өзгелердің жаңалығы