Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасының бүгінгі қонағы филология ғылымдарының докторы, профессор, «Иран Тұран» зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей айтты.
Оқи отырыңыз:
Қазақстанда Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық идеология ресми түрде жоқ. Бірақ ұлттық идеология халықтың ішінде жүріп жатыр. Қазақ тілі 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін дамып, әлемдік деңгейде жетілу үстінде. Бұл дегеніміз – ұлттық идеологияны қазақ халқы керек етеді. Яғни саяси билік оған бетпе-бет жақындамай, сол саясатты жүргіземін деп айтпаса да, халық өзі жүргізіп жатыр. Қазақ жігіттері бір-бірімен руын айтып емес, «мен қазақпын» деп танысады. Қазақ әдебиетте бауырмалдығымен танымал, - деді ол.
Ислам Жеменей сұқбатта айтып өткендей, әлемде қазақтар бір-бірімен кездескенде бауыр басатын сөз – қазақ.
«Қазақпын» дегеннің бір киесі бар. Ол кие не? Мысалы, аталарымыз балам мынаны істеме, саған жарамайды дейтін. Демек бұл дегеніміз қазақтың сөзін аталарымыз бізге бірліктің, ынтымақтың коды ретінде ұсынған. Сол арқылы бізді тәрбиелеген, жетілдірген, - дейді профессор.
Оның сөзінше, қазақтардың кереметтілігі – өзінің кодына, рәмізіне табанды түрде бас иіп, соны қолданып келе жатқандығында.
Қазіргі күні ұлттық болмыстан ажыраған жоқпыз. Себебі қазақтардың тілінде диалект жоқ, бәрі бір-бірін түсінеді. Бір ел, халық не ұлт оның жоқтаушысы жойылғанда ғана жойылады. Бір жеке тұлға мен ұлттың өлімінің айырмашылығы – жеке тұлға өледі, 40 күн, 100 күн жоқтау айтады, жылайсың, сағынасың, сөйтіп ұмытылады. Ал ұлттың соңғы өкілі жер бетінен жойылғанша, оның жоқтаушысы болса, сол елін аңсап өледі, - деп айтты Ислам Жеменей.