Ислам vs Тәңіршілдік: Ата-бабамыз тәңіршіл болған ба?

Бүгiн, 16:33
503
Бөлісу:
Ислам vs Тәңіршілдік: Ата-бабамыз тәңіршіл болған ба?
Фото: BAQ.KZ

Бұл сұрақ – қоғамда дауға ілігіп тұратын тақырыптардың бірі. Жақында YouTube желісіндегі танымал подкастта "Ирина Қайратовна" тобының мүшесі Алдияр Жапархановтың Зира Наурызбайдың ежелде қазақтың қандай дінді ұстанғаны жайындағы пікірін айтуы желіде талқыға түсті.

Қазақ мифологиясын зерттеуші, мәдениеттанушы, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай осы тақырыпқа қалай келгенін айтып, ата-бабамыз Исламды ұстанған ба, тәңіршіл болған ба деген сұраққа тарқатып жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Дінтану сағаттарын секталарға сататын"

Зира Наурызбай дін тақырыбын 90-жылдары зерттей бастағанын айтты. Ғалымның сөзінше, ол кезде діни ағым өкілдері үгіт-насихатын университеттерде жүргізуге мүмкіндік алған.

Бұл тақырыпты мен сонау 90-жылдары зерттегенмін. Түрлі діндердің философиясы мен тарихына қатысты кітаптарды оқыдым. Елге кіріп, өзара күрескен Исламның түрлі бағыттарын, оның ішінде уаһһабизм, сопылықты бақыладым. Студенттерімізді сектанттардан қорғадым. Ол кездері университеттердегі дінтану кафедралары дінтану сағаттарын түрлі секталарға сата алатын. Секталар сол үшін ақша төлейтін, - деді ол.

Кейіннен ғалым осы жөнінде "Ілкі Ислам. Жырау мұрасындағы тәңіршілдік және қазақтың ұлттық идеясы" атты көлемді мақала жазады.

Марқұм жарым Таласбек Әсемқұлов өзі жұмыс істеп жатқан газетте сол бір мақаланы жариялады. Президенттің жарлығымен үкіметтік комиссия құрылып, сол комиссия менің мақаламда жазылған дүниелерді растады. Дегенмен Ұлттық қауіпсіздік комитеті соңымызға түсті. Жолдасымды ҰҚК-ға тергеуге шақырды. Талас оларға мені ауылда деп айтты, - деді Зира Наурызбай.

Мақаланы автордың "Вечное небо казахов" кітабынан немесе otuken.kz сайтынан оқи аласыз.

"Қазақ хандығы Ислам мемлекеті ретінде орнады"

Зира Наурызбай желіде оны "тәңіршіл" атап, ширкке жол бересің деп айыптайтындар да, "исламшыл" деп ат қойып, арабқұлсың деп жазғыратындар да табылатынын айтты. Сондықтан жеке ұстанымымен ашық бөлісті.

Өз ұстанымымды жасырмаймын. Тұлға ретінде маған бүгінде "тәңіршілдік" деп аталатын бағыт жақын, - деді ол.

Дегенмен ғалым ретінде ата-бабаларымыздың Исламды бағзы заманда қабылдағанын мойындайтынын жеткізді.

Ислам мемлекеттік дін ретінде Қарахан мемлекетінде 960 жылы, Алтын Ордада 1320 жылы таралды. Әлбетте ол кездегі Ислам басқаша еді. Қазақ халқы нағыз мұсылман болмады деп дауласа беруге болады. Бірақ нақты деректерге көз жұмуға болмайды. Қазақ хандығы Ислам мемлекеті ретінде орнады. Қазақ хандары дипломатиялық хаттарда осыны атап өтетін. Жоңғарлар және тағы басқаларға қарсы күреске Ислам мемлекеттерін шақыратын, - деді Зира Наурызбай.

Тәңіршілдік деген не?

Тәңір расымен де құдайдың ежелгі аттарының бірі. Олжас Сүлейменов шумерлердің Dingir есімді құдайлары жайында жазған-ды. Бұл 5 мың жыл бұрын болған құдайдың есімі. Құдайдың тәңір деген есімін түрлі дыбыстық нұсқаларда Африкадан Жапонияға дейін, Тынық мұхитындағы Полинезия аралдарында да білетін. Тәңіршілдік туралы әңгіме қозғалғанда әр адам әртүрлі нәрсені ойлайды, - деді Зира Наурызбай.

Бірақ ғалымдар, Зира Наурызбайдың айтуынша, тәңіршілдік дегенде негізінен ежелгі түрік қағанаттарын меңзейді.

Қағанаттар үш құдіретке табынатын: Көк тәңірі, Ұмай, және қасиетті жер-су (йер-суб). Дегенмен ежелгі түркілердің діні мен осы үш құдірет жайында білетініміз аз. Ежелгі түркілердің тәңіршілдігі оңай тақырып емес, - дейді ғалым.

Зира Наурызбай тәңіршілдік жайлы сөз қозғалғанда қазақтардың Исламға дейінгі наным-сенімдері аталатынын жеткізді. Бірақ Исламға дейінгі қазақтың наным-сенімдері туралы нақты бірнәрсе айту қиын екенін айтты. Кейіннен Зира Наурызбай Шоқан Уәлихановтың 1862-1863 жылдары жазылған "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" мақаласындағы Алла мен Тәңір сөзі о баста синоним болғаны жайында болжамымен бөлісті.

Бұл мақала ақиқат деп айта алмаймыз. Дегенмен Шоқан Шыңғысхан заманынан бастап Алла және Тәңір сөздері синоним болған және о баста тәңіршілдік монотеизм болды деп болжам жасайды. Монотеизм – "жаратқан жалғыз" дейтін діндер. Тәңіршілдікті айтқанда оны қазақтың ұлттық діні деп емес, жалпы адамзатқа тән, бір Аллаға табынған ілкі сенім деп қарастыру қажет, - деді ғалым.

"Адамдарды дініне емес, әрекетіне қарай бағалау керек"

Зира Наурызбай қазір Қазақстанда тәңіршілдік Ислам радикалдарынан біздің тарихымызды және мәдениетімізді ширк деп қабылдамайтын фанатиктерден шаршаған заманауи, шығармашыл адамдардың көзқарастарын меңзейтінін айтады.

Радикал исламистердің қылықтарын көріп, бұл адамдар Исламнан жерінген. Исламның сауатты түрлерін білмейді, қабылдамайды. Сол себепті олар ежелгі наным-сенімдерді өздерінің шығармашыл түйсіктерімен, экологиялық көзқарастарымен басқа да заманауи көзқарастарымен ұштастырып синтездейді. Осы бір күрделі синтезді заманауи тәңіршілдік деп атайды, - деді ол.

Зира Наурызбай өзінің мұсылман, христиан, тәңіршіл, атеист, агностик, тіпті бахаи достары бар екенін және барлығына құрметпен қарайтынын жеткізді.

Қазақстан зайырлы мемлекет болып қалуы керек деп ойлаймын. Адамдарды дініне емес, әрекетіне қарай бағалау қажет. "Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да, ділде жоқ" (ред. – Махамбет Өтемісұлы). Яғни өзін мұсылманмын деп санайтындар көп. Бірақ сөйлегенде мұсылман да, жаны ондай емес. Радикалды көзқарастарды жақтырмаймын. Өз көзқарастарын өзгеге тануға тырысатын надан адамдар ұнамайды. Өздерін мұсылман не тәңіршіл деп санағаны үшін ғана өзін әулие сезінетін адамдарды ұнатпаймын. Ата-бабаларымыз өзгелердің көзқарасына деген асқан құрметпен ерекшеленетін. Осы бір қасиетті Қазақстан сақтап қалса жақсы болар еді, - деп қорытындылады ғалым.

Өзгелердің жаңалығы