"Ішу мүмкін емес". Краннан аққан сары су атыраулықтардың мазасын қашырды

24 Мамыр 2023, 18:51
1318
Бөлісу:
"Ішу мүмкін емес". Краннан аққан сары су атыраулықтардың мазасын қашырды
VIDEO
Фото: автордан

Атырау қаласындағы Нұрсая ықшам ауданының тұрғындары таза, сапалы ауыз суға зәру. Олар соңғы 3 айда лас, тат басқан тіршілік нәрін тұтынып отырмыз дейді. Талай табалдырықты тоздырсақ та, мәселе шешілмеді деген бұқара жиналып, шу шығарды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Таумұш Жұмағалиев көшесіндегі 14-үйдің тұрғындары литрлеп су сатып алудан шаршаған. Орталықтан келіп тұрған тіршілік көзі тат басқан, сап-cары. Оны ішпек түгілі, тұрмыстық бағытқа да қолдана алмаймыз дейді бұқара. Ақ киімдерді жуғанның өзінде бүлініп қалатын көрінеді. Сапасыз суға ақша төлеп отырмыз деген жұрт, мәселенің тез арада шешілгенін қалайды.

Менің 5 балам бар. Мына суды ағарғанша сағаттап ашып қоямыз. Соның өзінде ішу мүмкін емес. Қаланың қақ ортасында отырып алып, суға жарымау деген өте ұят екен. Биліктегілер не істеп отыр, неге қарамайды, - дейді тұрғындардың бірі Шалқар Маратова.

Жиналған 30 шақты тұрғынның базынасы бір. Жылдар бойы жөндеу көрмеген құбырлар ауыстырылсын дейді.

"Ішу мүмкін емес". Краннан аққан сары су атыраулықтардың мазасын қашырды

Суды күнде тоқтатып тастайды. Қосқаннан кейін сап-сары болып тұрады. Мүлде ішу мүмкін емес. Кранды екі сағат ашып қойсақ та ағармайды. Пайда жоқ. Ыдыс та жуа алмаймыз, кір де жуа алмаймыз. Өзіміздің КСК-ға да бардық, ЖКХ-ға да бардық. Мәселе шешілмей қойды ,- дейді тұрғындардың бірі Оксана Краснова.

Жұртпен жүздесуге Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров келді. Қызметкер проблеманың бәрінен хабардар екендерін айтады. Сөзінше, кезінде үй құрылысы барысында мұнда темір құбырлар қойылған. Соңғы рет 7 жыл бұрын жаңартылған желілер шіріп жатқан көрінеді. Соның кесірінен сары су ағады. Қазір құбырларды ауыстыру үшін бюджеттен қаржы қаралып жатыр екен.

3 ай сары су ақты дегенге келіспейміз. Біз құбырларды үнемі тазалаймыз. Бірақ ескіргені рас. Одан хабардармыз. Қазір оны ауыстыру үшін бюджеттен қаржы сұрау жағын қарастырып жатырмыз. Бұрын мұнда темір құбырлар болса, біз оны пластикке ауыстыруды көздеп отырмыз. Жұмысты жеделдету үшін су желілерін толық істен шығару қажет болады.Оған 1 ай уақыт кетеді. Ал ол тұрғындарға кедергі келтіретіні анық. Сол себепті біз біртіндеп жасаймыз, - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Атырау жылу жүйесінің өкілдері де тұрғындардың тот басқан суды 3 ай ішіп отырмыз дегеніне келіспейді. Олай болған күннің өзінде де тиісті мекемелерге дер кезінде хабарламаған деп отыр.

Бұл теплопунктінен 31 үй су алады. Соның 30-ында ондай проблема жоқ. Мәселе дәл осы үйде болып тұр . Сол себепті суды 1 айдың шамасында толық тоқтатып қойып, құбырларды ауыстырып, тазаласақ қана мәселе шешіледі, - дейді Атырау жылу жүйесінің вице-президенті Жұмахмет Елемесов.

Жалпы қала бойынша барлығы 138 шақырымнан астам су құбыры бар. Соның 30 шақырымы тозған көрінеді. Жауаптылардың сөзінше, Нұрсая ықшам ауданы тұрғындарының мәселесін алдағы 2-3 айда реттеуге болады.

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы