Ішкі істер министрі Ақтөбеге келді 

30 Қараша 2022, 19:21
1324
Бөлісу:
Ішкі істер министрі Ақтөбеге келді 
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері қылмыстардың саны екі пайызға азайған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы бүгін Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді. 
Министр облыс халқымен кездесіп, өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді. 

1991-2021 жылдар аралығында, яғни, өткен отыз жылда елімізде адам өлтіру қылмыстарының саны 3,5 есеге азайды. Есесіне халық саны 16 миллионнан 19 миллионға жетті. Ақтөбе облысының криминогендік ахуалына келсек, бүгінде елімізде тіркелген қылмыстардың 4 пайызы осы облыстың үлесіне тиеді. Дегенмен өңірде біршама төмендеу бар. Мысалы, Ақтөбе облысында 2022 жылы қылмыстың үлесі екі  пайызға азайып отыр. Ал адам өлтіру— 15 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру — 27, адам зорлау — 38, ұрлық — 8, мал ұрлығы — 15, бұзақылық деректері 4 пайызға қысқарған. Сонымен қатар өңірде қоғамдық орындар мен мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар саны да азайып отыр, — деді Марат Ахметжанов. 

Оның айтуынша, өңірде тіркелген қылмыстың 80 пайызы облыс орталығында, қалғаны аудандарда тіркелген. Мәселен, аудан халқының үлесіне сәйкес 10 мың адамға орта есеппен 27 қылмыстан келеді. Бұл республикалық көрсеткіштен екі жарым есеге аз. 

Ішкі істер министрі Ақтөбеге келді 

Ішкі істер органдары  — еліміздегі көп функционалды орган. Бүгінде бүкіл Қазақстанда тіркелген қылмыстардың 95 пайызы және әкімшілік құқықбұзушылық деректерінің  97 пайызы полицияның құзіретінде. Сондай-ақ біздің министрлік мемлекеттік қызметтің 39 түрін іске асырады. Жалпы біздің міндетіміз — тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысқа қарсы күрес жүргізу, бұл бағыттағы тиісті шараларды қамтамасыз ету, — деген министр осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде жыл басынан бері ешқандай қылмыс тіркелмеген Ақтөбе облысындағы 7 ауылдық округтің әкімдері мен инспекторларының аты-жөнін атап, өз алғысын білдірді. 

Министр өз сөзінде соңғы кезде мал ұрлығына қатысты облыста бірқатар жағдайлар тіркелгенін, елімізде 2019 жылдан бері мұндай ұрлық ауыр қылмыстар санатына жатқызылғанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы өзгерістерге байланысты елімізде ұрлық 2,5 есеге азайған. 

Өкінішке қарай, қазіргі таңда мал ұрлығы ұйымдасқан қылмыстық индустрия болып кетті. Осыған тосқуыл қою үшін біз қатаң заң қабылдап жатырмыз. Қазір елімізде мұндай қылмыс екі есеге азайды. Дегенмен Ақтөбе облысында мал ұрлығы деректері әлі де тіркеліп отыр. Мал ұрлығы ерекше қылмыстың қатарына кіреді. Бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 12 жылға дейін қарастырылған, — деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. 

Ішкі істер министрі Ақтөбеге келді 

Оның айтуынша, бүгінде елімізде заңсыз киік ату, жалпы броконерлікпен айналысу көбейген. Тек биылғы жылдың өзінде осындай қылмыспен заңсыз айналысқаны үшін 129 адам ұсталса, оның 8-і Ақтөбе облысында тіркеліп отыр. Мәселен, 28 қыркүйекте қала тұрғыны ұсталып, одан 765 дана киік мүйізі тәркіленді. Келтірілген шығын шамамен 2 миллиард теңгені құраған. 

Бұл бағытта жауапкершілікті күшейту киіктердің популяциясын сақтауға мүмкіндік берді. Экология министрлігінің мәліметі бойынша бұрын киіктің саны небәрі 152 мың бас болса, қазір 1,5 миллион. Демек, біз табиғаттың заңдылығын сақтаумен қатар жауапкершілікті де қатаңдатуымыз керек, — деді министр. 

Марат Ахметжанов нашақорлық мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғам дертіне айналған қауіпті құбылыс нашақорлық бойынша биылғы жылы 2 мыңнан астам қылмыс анықталған. 12 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 40 дәрі-дәрмек зертханасы мен 5 үңгір қиратылған. 

Жыл басынан бері елімізде 300 келі синтетикалық заттар тәркіленді. Өкінішке қарай, еліміздегі нашақорлар саны туралы нақты әрі сенімді ақпарат жоқ. Ресми статистика бойынша олардың саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен, былтыр еліміз бойынша 20 мың нашақор болса, биылғы көрсеткіш – 18 мың адам. Алайда бұл сандар шындықтан алыс. Мамандардың айтуынша, олардың саны бес есеге көп, — деді Ішкі істер министрі.  

Өзгелердің жаңалығы