Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау полицейлері ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген бес жүргізушіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
10 шілдеге қараған түні Атырау қаласы аумағында бес жүргізуші мас күйінде анықталды. Олардың екеуі 1982 жылы туған және 1998 жылы туған әйел адамдар. Сот медициналық сараптама қорытындысы жүргізушілердің ішімдік ішкендерін растады.
Ішімдік ішкен жүргізушілерге қатысты ҚР ƏҚБтК 608-бабы "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы" бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал 1995 жылғы ер адамның бұған дейін жүргізуші құқынан айырылғаны анықталып, оған қатысты ҚК 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" туралы заңға сәйкес, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілді.
Мұндай заң бұзушылар жол-көлік апатын жасамай-ақ, азаматтарға зиян келтірмесе де, 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, жеті жылға дейін жүргізушілік құқығынан айырылады. Бұл құқық бұзушылық қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал жүргізушілік құқығынан айыру сегіз жылға дейін ұзартылады.
Атыраулық полицейлер осы күні, қалада карантиндік шектеу шараларын бұзғаны үшін бес автокөлік жүргізушісін анықтап, оларға қатысты жинақталған құжаттарды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдады.