Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігінен Шымкентте жылына 60 адам ажал құшады. Шаһардың онколог дәрігерлері осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды otyrar.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, аты жаман аурудың бұл түрі мегаполисте жылдан-жылға күшейіп барады. Ауру әсіресе 50-ден асқан азаматтардан жиі анықталады екен. Онколог мамандар аурудың алдын алу үшін ашық есік күнін өткізді.
Қатерлі ісіктің бұл түрі дұрыс тамақтанбағаннан пайда болады. Тез әзірленетін ас пен газды сулар ісіктің осы түріне әкеп соғады. Бұл дерт еш байқалмай 25 жыл бойы өсуі мүмкін. Және ішектің ісігі соңғы сатыда анықталатын аурулардың қатарында жатады, – дейді мамандар.
Айта кетейік, қала бойынша бүгінде ішектің қатерлі ісігімен 200-ге жуық науқас тіркеуде тұр. Осылай деген мамандар жұртты салауатты өмір салтын сақтап, дұрыс тамақтануға шақырады.