Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әсет Исекешев ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Душанбе қаласында (Тәжікстан) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының отырысы барысында Ұйымға мүше мемлекеттердегі өз әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Тәжікстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Махмудзодамен кездесуде Ауғанстандағы ахуалды ескере отырып, өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды. Өзара іс-қимылды, оның ішінде, заңсыз көші-қон мен есірткі трафигіне қарсы күрес бағытын одан әрі жандандыру қажет екені айтылды.
Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Патрушевпен келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимылы, әскери-техникалық ынтымақтастық бағытындағы өзара байланыстары талқыланды. Трансшекаралық өзендердің экожүйесі мен су ресурстарын сақтау мәселелері қозғалды, атап айтқанда, Жайық өзенінің жағдайы сөз болды.
Кездесу нәтижелері бойынша тараптар 2021-2022 жылдарға арналған Қазақстан мен Ресей Қауіпсіздік кеңестері аппараттары арасындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы А.Вольфовичпен және Армения Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Григорянмен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін әріптестікті нығайту бойынша пікір алмасты, сондай-ақ, екі ел Қауіпсіздік кеңестері аппараттарының арасындағы ынтымақтастық жоспарының жүзеге асырылуы талқыланды.