Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов айтты.
«Бюджет нақтылаудың негізгі бағыты – Президенттің жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру. Оларға биылғы жылы 481,3 млрд теңге бөлінді. Олар мынадай іс-шаралар бойынша: бірінші – 2019 жылы 261,3 млрд теңге шығыстар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге жіберілді. Екінші – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 млрд теңге шығыстар аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталады. Үшінші – 90 млрд теңге шығыстар өңірлік инфрақұрылымды дамытуға арналады. Олар жергілікті жолдар желісін дамытуға, сумен жабдықтауға, су бұру мен су шаруашылығына, газбен жабдықтау мен электр энергетикасына бағытталады», - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, жаңа бағыт бойынша ірі қалалардың шет аймағының проблемаларын шешуге биылғы жылы 30 млрд теңге бөлінеді.
«Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының қала маңындағы ауылдарына 15 млрд теңге, Алматы қаласына 10 млрд теңге және Шымкент қаласына 5 млрд теңге бөлінеді. Төртінші – 2019 жылға арналған 30 млрд теңге шығыстар «Ауыл – ел бесігі» жаңа арнайы жобасын іске асыруға бағытталады», - деді Берік Шолпанқұлов Сенат отырысында.
Атап өтсек, Сенатта «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы қаралуда.