Ірі кәсіпорындардың ауаға шығарындылары енді автоматты түрде бақыланады

Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ коллажы 14 Шілде 2026, 13:59
14 Шілде 2026, 13:59
189
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау саласында цифрлық бақылау күшейіп келеді. Енді ірі кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын ластаушы заттары автоматтандырылған жүйе арқылы тәулік бойы бақыланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автоматтандырылған шығарындыларды бақылау жүйесі (АШБЖ) – атмосфераға таралатын зиянды заттардың көлемі мен құрамын үздіксіз өлшейтін арнайы жабдықтар кешені. Жиналған мәліметтер автоматты түрде мемлекеттік ақпараттық жүйеге жіберіліп, экологиялық ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, бұл жүйе өндірістік шығарындылардың белгіленген нормадан асуын дер кезінде анықтауға, адами фактордың ықпалын азайтуға және мемлекеттік экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыруға жол ашады.

Қазіргі таңда Қазақстанда автоматтандырылған шығарындыларды бақылау жүйесін 113 кәсіпорында енгізу жоспарланған.

Бүгінде 90 кәсіпорында АШБЖ орнатылған, 84 кәсіпорын мәліметтерді нақты уақыт режимінде «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жағдайы» ұлттық дерекқорына жолдап отыр; Ал 6 кәсіпорын жүйені қосу және деректерді тексеру кезеңінде.

Автоматтандырылған мониторинг өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, шығарындылар туралы ашық әрі объективті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау шараларының тиімділігін күшейтеді.

Осындай цифрлық шешімдердің енгізілуі атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы мемлекеттік бақылауды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Наверх