Ирандағы режимнің өзгеруі Қазақстан үшін "алтын мүмкіндікке" айналуы мүмкін – саясаттанушы

Сарапшының айтуынша, әрекеттер тұтас елге емес, Иран басшылығына бағытталған.

 Anadolu Agency Бүгiн 2026, 16:00
Бүгiн 2026, 16:00
126
Фото: Anadolu Agency

АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соңғы шиеленіс өңірде алаңдаушылық туғызды. Осы жағдайда сарапшылар Иран төңірегіндегі оқиғалардың көрші мемлекеттерге, соның ішінде жуырда АҚШ-пен ынтымақтастығын күшейтіп, Трамптың Бейбітшілік кеңесіне кірген Қазақстанға ықпалын талқылап жатыр. BAQ.KZ тілшісі жағдайдың ықтимал қауіптері мен жаңа мүмкіндіктерін түсіну үшін саясаттанушы Ғазиз Әбішевпен сұхбаттасты.

Алдымен сарапшы Қазақстан үшін тікелей тәуекелдерді бағалады. Оның айтуынша, әскери әрекеттер тұтас елге емес, ең алдымен Иран басшылығына бағытталған.

Мен айтарлықтай қауіп көріп отырған жоқпын, өйткені бұл бүкіл елге қарсы соғыс болған жоқ. Бұл – биліктегі жоғарғы топқа қарсы, режимді өзгерту және Иран басшылығының қолайсыз стратегиялық бағытын бейтараптандыру мақсатында жүргізілген әрекет. Сондықтан, мысалы, билік ауысқан жағдайда Ираннан солтүстікке қарай босқындар жаппай ағылып келеді деу екіталай, - дейді Ғазиз Әбішев.

Одан кейін саясаттанушы Қазақстан үшін ашылуы мүмкін ұзақ мерзімді мүмкіндіктерге тоқталды. Оның пікірінше, Ирандағы саяси жағдайдың өзгеруі жаңа экономикалық бағыттарға жол ашуы ықтимал.

Егер Иран санкциялардан шығып, тұрақты экономикалық өсімге көшсе, бұл ірі мемлекет өңірлік экономикалық көшбасшылардың біріне айнала алады. Мұндай жағдай Қазақстан үшін шын мәнінде "алтын мүмкіндік" болуы мүмкін. Әсіресе Иран жағалауындағы Парсы шығанағы порттарына шығатын “солтүстік–оңтүстік” дәлізін дамыту тұрғысынан маңызды, - деп атап өтті саясаттанушы.

Сарапшы сауда бағытындағы перспективаларға да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жағдай тұрақты болғанның өзінде Қазақстан Иранмен экономикалық байланысын күшейте алады. Ірі тұтынушы ретінде Иран қазақстандық тауарлар үшін маңызды нарыққа айналуы мүмкін. Бұл экспорт көлемін арттырып қана қоймай, ұзақ мерзімді сауда серіктестігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Иран, әсіресе қазақстандық астық өнімдерін тұтынушы ретінде, біздің тауарлар үшін өте тиімді нарық бола алады. Бұл экспортты кеңейтуге және сауда байланыстарын нығайтуға қосымша мүмкіндік береді. Ал ел ішінде түбегейлі өзгерістер болмаса, Қазақстан үшін қауіп деңгейі төмен болып қала береді, - дейді ол.

Сөз соңында саясаттанушы Қазақстанның қақтығыс аймағынан географиялық тұрғыда алыста орналасуы және әскери әрекеттерге қатыспауы белгілі бір артықшылық беретінін атап өтті. Дегенмен өңірдегі жағдайды жіті бақылау маңызды екенін айтты.

Оның пікірінше, Қазақстан тікелей қауіп аймағында болмаса да, аймақтағы оқиғалардың даму барысын мұқият қадағалау қажет. Бұл жаңа экономикалық мүмкіндіктерді дер кезінде пайдаланып, сауда әлеуетін арттыруға және елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қазақстан географиялық тұрғыда алыс орналасқан және әскери операцияларға қатысып жатқан жоқ, сондықтан қазіргі таңда еліміз үшін ерекше қауіп байқалмайды. Бірақ жағдайдың қалай өрбитінін бақылап отыру маңызды, өйткені ашылып жатқан экономикалық мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалану қажет, - деп түйіндеді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

 

Наверх