Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ирандағы наразылықтар: қақтығыстар жалғасып жатыр

Кеше, 20:12
343
Бөлісу:
 facebook.com/dw.russian
Фото: facebook.com/dw.russian

Иран билігіне қарсы соңғы үш жылдағы ең ауқымды жаппай наразылықтар екі аптадан бері толастар емес. Сенбіге қараған түні интернеттің өшірілгеніне және қауіпсіздік күштерінің қатаң әрекеттеріне қарамастан, адамдар тағы да Тегеран мен өзге қалалардың көшелеріне шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Осы тұста тақтан тайдырылған Иран шахының ұлы Реза Пехлеви наразылық білдірушілерді қалалардың орталықтарын басып алып, оларды ұстап тұруға шақырды.

АҚШ-тағы Human Rights Activist News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, қазірге дейін шамамен 50 наразылыққа қатысушы мен қауіпсіздік күштерінің 15 қызметкері қаза тапқан. HRANA деректеріне сәйкес, 2311 адамнан астамы ұсталған.

50 адамның қаза тапқаны туралы мәліметті Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (IHRNGO) ұйымы да растап отыр. Ұйымның хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында тоғыз бала бар.

Реза Пехлевидің үндеуі және Трамптың қоқан-лоқысы

Интернеттің өшірілуіне қарамастан BBC алған бейнежазбаларда Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Хаменеиге қарсы ұрандар айтып тұрған қалың жұрт көрінеді.

Көптеген наразылық білдірушілер Иранның соңғы шахының ұлы Реза Пехлевидің атын ұрандап жатыр.

Қазір АҚШ-та жүрген Пехлеви ирандықтарды сенбі мен жексенбі күндері де наразылықты жалғастырып, әрі қарай қадам жасауға — қалалардың орталықтарын басып алып, бақылауда ұстауға шақырды.

Сондай-ақ ол «ұлттық революция жеңіске жеткен кезде Иранның ұлы халқымен бірге болу үшін» елге оралуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. 

Мен бұл күннің өте жақын екеніне сенемін, — деді Пехлеви Х әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуінде.

Иран билігі тәртіпсіздіктерді өршітуге АҚШ-ты айыптап отыр. Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында Вашингтонды «қоқан-лоқы, арандату және тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықты әдейі қолдау арқылы Иранның ішкі істеріне араласып отыр» деп мәлімдеді.

Маусым айында Иранның ядролық нысандарына соққы берген АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні билік наразылық білдірушілерді өлтіретін болса, жаңа соққыларға бұйрық беретінін тағы да ескертті. Ол АҚШ-тың қатысуы «жер үсті әскерін енгізуді білдірмейтінін» атап өтті.

Сенбі күні таңертең АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Х әлеуметтік желісінде:

Америка Құрама Штаттары Иранның батыл халқын қолдайды, — деп жазды.

БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик ұйымның адам өліміне қатты алаңдаулы екенін мәлімдеді.

Әлемнің кез келген нүктесіндегі адамдар бейбіт түрде наразылық білдіруге құқылы, ал үкіметтер бұл құқықты қорғауға және оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, — деді ол.

Наразылықтар қалай басталды?

Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсаннан бері, яғни 14-ші күн қатарынан жалғасып жатыр.

Жаппай наразылыққа себеп — бағаның күрт өсуі мен иран риалының АҚШ долларына шаққандағы бағамының құлдырауы. Бір жыл ішінде америкалық валюта шамамен 80 пайызға қымбаттаған.

Алайда экономикалық талаптар көп ұзамай саяси ұрандарға ұласып, тіпті Ислам Республикасын жою және монархияны қалпына келтіру талаптарына дейін жетті.

Сәрсенбі күні президент Масуд Пезешкиан бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы «ешқандай шара қолданбау» жөнінде тапсырма бергенімен, кейін билік риториканы қатаңдатты. Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі «қарулы вандалдар» және «бейбітшілік пен қауіпсіздікті бұзушылар» деп атаған наразылыққа қатысушыларға қатысты «шешімді және қажетті құқықтық шаралар» қабылданатынын мәлімдеді.

Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) барлау бөлімі өзі «террористік әрекеттер» деп атаған жағдайларға төзбейтінін айтып, «жаудың жоспары толық күйрегенге дейін» операцияларды жалғастыратынын жеткізді. Ал әскер Иранның ұлттық мүдделерін, стратегиялық инфрақұрылымды және мемлекеттік меншікті қорғайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи жалғасып жатқан наразылықтар аясында көшеге шыққандар АҚШ президенті Дональд Трамптың мүддесіне қызмет етіп отыр деп мәлімдеген. Жұма күні жасаған қысқа телеүндеуінде ол наразылық білдірушілер "басқа бір елдің президентін қуанту үшін өз көшелерін қиратуда" деді.

Өзгелердің жаңалығы