Иранда ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Елдің бірнеше провинциясында қақтығыстар мен ұстап әкетулермен қатар жүрген наразылық акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Илам, Кум және Хузестан провинцияларының тұрғындары көшеге атыс қаруы мен суық қару алып шыққан. Mehr агенттігі жариялаған кадрларда бетперде таққан, қолында қаруы бар адамдар көрінеді. Кум қаласында наразылық білдірушілер азаматтық автокөлікті өртеген.
2 қаңтар күні кешке Тегеранның кейбір аудандарында және оның маңында демонстранттардың шағын топтары үкіметке қарсы ұрандар айтып, өтіп бара жатқан адамдарды арандатуға тырысқан. Қару ұстаған топтар бірқатар провинцияларда мемлекеттік ғимараттарға шабуылдарын жалғастырып жатыр.
Хузестан провинциясындағы Шуштар қаласында полиция наразылық білдірушілердің бір тобын ұстап, бір Colt тапаншасын, 12 пышақты және қаруға арналған бір оқжатарды тәркілеген. Провинция полициясының басшысы Фаршад Каземидің айтуынша, құқық қорғау органдарының жедел әрекеттері тәртіпсіздікке қатысқан бірнеше адамды анықтап, ұстауға мүмкіндік берген. Ол сондай-ақ азаматтарды арандатушы топтардың іріткі салу әрекеттеріне байланысты сақ болуға шақырды.
Қазіргі таңда жағдай әлі де шиеленісті, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларын жалғастырып жатыр.