Иранда ел аумағына жасалған соққылар салдарынан 200 бала қаза тапқан. Бұл туралы Иран Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Хосейн Керманпур X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қаза тапқандардың барлығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Ең кішісі небәрі сегіз айлық болған. Алайда ол соғыс басталғалы бері қаза тапқандардың жалпы санын нақтылаған жоқ.
Керманпурдың мәліметінше, қазіргі уақытта 2000-нан астам адам ауруханаларда ем алып жатыр. Жараланғандардың арасында 18 жасқа толмаған 552 бала бар. Олардың ең кішісі – төрт айлық қыз.
Сондай-ақ қақтығыс елдің денсаулық сақтау жүйесіне де әсер еткен. Ресми дерек бойынша, сегіз медицина қызметкері қаза тауып, 30-ы жараланған. Бұдан бөлек, зымыран соққыларынан 11 аурухана зақымданған.
Ал АҚШ өкілдері олардың соққылары бейбіт тұрғындарға бағытталмағанын мәлімдеді. Израиль де әскери нысандарға ғана «нақты соққылар» жасалып жатқанын айтып, Иранды бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады деп айыптады.