Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Иран АҚШ-тың әуе базаларына жасаған соққысынан кейін мәлімдеме жасады.
Иран соғысуды көздемейтінін, ал АҚШ-тың базаларына зымыранмен жасалған шабуыл өзін-өзі қорғау шарасы деп хабарлады.
Бұл туралы Иран СІМ басшысы Мохаммад Джавад Зариф мәлімдеді.
Иран БҰҰ жарғысының 51-бабына сәйкес өзін қорғау шараларын жасады. Мұны біздің азаматтарымыз және жоғары лауазымды тұлғаларымызға жасалған қорқақтық қарулы шабуылдан кейін ұйымдастырды. Біз соғысуды көздемейміз. Бірақ өзімізді кез келген агрессиядан қорғаймыз, - деп жазды Зариф Twitter-де.
Иран АҚШ-тың базаларына 15 баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. Олардың 11-і көздеген нысанға түскен.
АҚШ қарулы күштерінің орталық командалығы 10 зымыран Анбар провинциясындағы Эйн аль-Асад базасына, біреуі Эрбилдегі базаға түсті деп хабарлады. Шабуыл екі рет арасына бір сағат салып жасалған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның зымыран шабуылынан кейін мәлімдеме жасауға уәде етті.
Айта кетсек, бүгін түнде Иранның Ислам революциясының жасақ корпусы (ИРЖК) генерал Касем Сулейманидің өліміне кек қайтару ретінде АҚШ-тың Ирактағы нысандарына шабуыл жасады.