Иран ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алады

31 Мамыр 2023, 16:19
761
Бөлісу:
Иран ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алады

ШЫҰ қызметі мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші Мұрат Мұқышев Шанхай ұйымындағы ынтымақтастықты дамытудың мәселелері туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына белсенді дайындық жүргізіліп жатыр. ШЫҰ саммиті Нью-Делиде 2023 жылы 4 шілдеде өтеді. Үндістан - ШЫҰ-ға қосылғаннан кейін алғаш рет 2017 жылы ұйымның төрағасы. Үндістан төрағалығымен ынтымақтастықтың барлық бағытын дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарды, - деп айтты Мұқышев брифингте.

Атап айтқанда, 2023 жылғы 5 мамырда Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қауіпсіздік, экономикалық даму, көлік, қоршаған ортаны қорғау, цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты салаларда 10-нан астам құжаттардың тізбесі алдын ала әзірленді.

Иран мен Беларусьті ШЫҰ мүшелігіне қабылдау туралы келіссөздер процесі бойынша пікір алмасты. Мальдив, Мьянма, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт ШЫҰ-ның диалог бойынша жаңа әріптестері болып қабылданды. Алдағы саммитке ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларынан басқа, байқаушы елдердің – Беларусь, Иран және Моңғолия президенттері, сондай – ақ төрағалық етуші елдің қонағы-Түркіменстан президенті, БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, АСЕАН және АӨСШК атқарушы органдарының басшылары қатысады, - деп ақпарат берді ол.

ШЫҰ саммитінде көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективаларын қарау, ШЫҰ қызметін ұлғайту жөніндегі басымдықтар мен практикалық шараларды айқындау жоспарланып отыр.

ШЫҰ қызметі мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестірушінің мәліметінше, саммиттің негізгі құжаты Нью-Дели декларациясы болады. Онда өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды бағалау және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжоспарлы ынтымақтастық жөніндегі одан арғы қадамдары көрсетіледі.

Сонымен қатар саммиттің негізгі саяси шешімі Иранның ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алуы болмақ. Рәсімге сәйкес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мәртебесін алу мақсатында Беларусь Республикасының міндеттемелері туралы меморандумға қол қойылады. Бұл құжат Беларусьтің Ұйымның бұрын қабылданған халықаралық шарттарына қосылуын, кірудің қаржылық аспектілерін және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында квоталық лауазымдарды толықтыруды көздейді, - деді ол.

Ұйымның сыртқы байланыстарын кеңейту шеңберінде ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасы арасында меморандумға қол қою туралы шешім бекітіледі.

Алматы қаласына ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы мәртебесін беру бойынша 2023-2024 жылдарға арналған шешім қабылдау жоспарланып отыр. Алматы қаласының әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі Ұйымға мүше мемлекеттердің ғылым, мәдениет, өнер өкілдерін шақыра отырып, іс-шаралар жоспарын дайындады.

Бұған дейін Қазақстан ШЫҰ-на шілдеден бастап төрағалық ететінін хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы