Иран Диего-Гарсия аралындағы АҚШ пен Ұлыбританияның әскери базасына қарай екі зымыран ұшырды. Олардың екеуі де нысанаға жетпеген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Wall Street Journal дерегіне сәйкес, зымырандардың бірі ұшу кезінде істен шыққан, ал екіншісіне қарсы америкалық кеме SM-3 тосқауылдаушы зымыранын ұшырған. Алайда оны нақты атып түсіргені ресми түрде расталған жоқ.
CNN де зымыран ұшырылғаны туралы хабарлап, Диего-Гарсия базасы АҚШ үшін маңызды әскери тірек әрі ауыр бомбалаушы ұшақтарға арналған стратегиялық әуеайлақ екенін атап өтті.
WSJ жазуынша, бұл шабуыл Иранның Таяу Шығыстан тысқары аумақтарға да соққы бере алатынын көрсету әрекеті болған. Нысанаға дейінгі шамамен 4 мың шақырым қашықтық ирандық зымырандардың ұшу қашықтығы бұған дейін айтылғаннан да ұзақ болуы мүмкін екенін меңзейді.
Бұған дейін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеран өз зымырандарының ұшу қашықтығын 2 мың шақырыммен шектейтінін айтқан болатын.
Ақ үй, Вашингтондағы Ұлыбритания елшілігі және Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.