Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Иран президенті ядролық бағдарлама бойынша АҚШ-пен келісім мүмкіндігін жоққа шығармайды

19 Мамыр 2025, 04:13
513
Бөлісу:
 AP Photo / Vahid Salemi
Фото: AP Photo / Vahid Salemi

Иран мен АҚШ арасында ядролық бағдарламаға қатысты келісімге қол жеткізуге болады, бірақ бұл үшін Вашингтон Тегеранды қорқытып-үркітуді доғаруы тиіс. Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан Оманның Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидимен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Иран президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ-пен (ядролық бағдарламаға қатысты) келісімге келуге болады. Алайда бұл үшін түбегейлі шарт бар – америкалық тарап өз талабын тықпалауды және Иранды қорқытуды тоқтатуы керек, - деді Пезешкиан.

Иран президенті елдің қандай да бір күш көрсету әрекетіне бағынбайтынын қатаң ескертті.

Бұған дейін, 16 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға ядролық қаруға ие болуға жол берілмейтінін мәлімдеп, Иран АҚШ-пен келісімге келсе, "өте риза болатынын" атап өткен болатын.

Сондай-ақ Тегеран АҚШ-қа Таяу Шығыстағы ядролық консорциум құру туралы күтпеген ұсыныс жасап, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа форматына шақырған.

Өзгелердің жаңалығы