Иран парламентінің спикері Мұхаммед Бакер Калибаф Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтата тұру туралы жоспар бар екенін мәлімдеді. Бұл шешім агенттіктің кәсіби емес және саяси бағыттағы әрекеттеріне жауап ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатты көздейді. Алайда, әлем жұртшылығы МАГАТЭ-нің өз міндеттемелерін орындамай, саяси құралға айналғанына көз жеткізді, -деді Калибаф Tasnim агенттігіне берген мәлімдемесінде.
Спикердің айтуынша, Иран парламенті МАГАТЭ тарапынан кәсіби кепілдіктер берілгенге дейін ұйыммен ынтымақтастықты уақытша тоқтатуға бағытталған арнайы заң жобасын қарастыруда.
МАГАТЭ Иран ядролық бағдарламасын бақылауда маңызды халықаралық рөл атқарып келеді. Алайда соңғы жылдары саяси сенімсіздік пен санкциялық қысым ынтымақтастықты әлсіреткені байқалады.
Иранның осы мәлімдемесі ұйыммен арадағы қарым-қатынастың тағы да шиеленісе түскенін көрсетіп отыр. Бұл БҰҰ мен басқа халықаралық құрылымдардың аймақтағы ядролық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығын күшейтуі мүмкін.