Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс: зымыран шабуылының үшінші толқыны басталды

14 Маусым 2025, 01:28
1308
Бөлісу:
 REUTERS
Фото: REUTERS

Иран Израильге қарсы зымыран шабуылының үшінші толқынын бастағанын хабарлады. Бұл туралы Иранның IRIB телерадиокомпаниясы Telegram арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иранның бұл әрекеті Израильдің дәл сол күні Иран аумағына жасаған ірі әскери соққыларына жауап ретінде іске асырылды. Израиль тарапы шабуылды "ядролық қауіптің алдын алу" мақсатында жүргізілген операция ретінде сипаттап, Иранның ядролық инфрақұрылымына бағытталған соққылармен шектелмеді. Әскери операция кезінде бірнеше стратегиялық нысандар – оның ішінде Натанз, Фордо және Исфахан сияқты ядролық кешендер нысанаға алынды. Сондай-ақ Иранның жоғары әскери басшылары мен ядролық сала мамандары қаза тапқаны хабарланды.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл әскери қадамның басты мақсаты Иранның ядролық мүмкіндігін жою екенін атап өтті. Өз кезегінде Иран президенті Масуд Пезешкиан Израильдің халықаралық құқықты бұзғанын айтып, "тиісті жауап" берілетінін мәлімдеді.

Иран армиясы бұл шабуылға толық жауап береді, - деп мәлімдеді Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи халыққа үндеуінде.

Иранның алғашқы және екінші толқындағы зымырандық шабуылдары кезінде Израиль аумағына жүздеген баллистикалық зымыран мен ұшқышсыз аппараттар бағытталған. Израильдің «Темір күмбез» (Iron Dome) жүйесі олардың көп бөлігін ұстап қалғанымен, кейбірі Тель-Авив пен Иерусалимге дейін жеткен. Зардап шеккендер мен жараланғандар бар екені туралы ақпарат тарауда.

Қазір Израиль төтенше жағдай режимін жариялап, ел ішінде қорғаныс шараларын күшейтті. Әуе қорғаныс жүйелері толық жұмылдырылып, резервтегі әскери қызметкерлер шақырылуда. Халыққа баспанаға көшуге және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес берілді.

Халықаралық қауымдастық бұл жағдайға алаңдаушылық білдіруде. БҰҰ, ЕО елдері, Ресей, Қытай және АҚШ тараптарды сабыр сақтауға және мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл әскери шиеленіс Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіріп отыр.

Өзгелердің жаңалығы