Иран бір ғана азиялық елдің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді

Мәлімдемені Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Иран президенті Масуд Пезешкиан арасында өткен телефон әңгімесінен бір күн өткен соң жасады.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 02:26
Бүгiн 2026, 02:26
310
Фото: depositphotos.com

Иран Үндістан кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның Үндістандағы елшісі Мохаммад Фатхали RT India телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иә, сіз мұны жақын арада көресіз деп ойлаймын, бәлкім екі-үш сағаттың ішінде. Себебі біз Иран мен Үндістанның дос елдер екеніне нық сенеміз, – деді ол үнді кемелерінің өтуі туралы сұраққа жауап бере отырып.

Бұл мәлімдеме Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Иран президенті Масуд Пезешкиан арасында өткен телефон әңгімесінен бір күн өткен соң жасалды. Әңгіме барысында Үндістан үкімет басшысы тұрақты жеткізілімдердің маңызын атап өткен.

Бұған дейін NDTV телеарнасы кемінде екі үнді танкері – «Пушпак» және «Паримал» – Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өткенін хабарлаған. Ал АҚШ, Еуропа және Израильге тиесілі кемелер әлі де шектеулерге тап болып отыр.

Сонымен қатар, Financial Times басылымының жазуынша, Еуроодақтың кейбір елдері Ормуз бұғазы мәселесі бойынша Иранмен келіссөз жүргізіп жатыр.

Францияны қоса алғанда, бірқатар еуропалық елдер Тегеранмен келіссөз бастап, өз кемелерінің Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуіне кепілдік беретін келісімге қол жеткізуге тырысуда, – делінген мақалада.

Сондай-ақ Италия да бұл мәселені Иранмен талқылауға әрекет жасаған. Басылымның мәліметінше, Еуропа елдері жағдайдың ушығып кетуінен қауіптеніп, кемелерін әскери күшпен сүйемелдеуге дайын емес.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген. Ал Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы теңіз күштерінің қолбасшысы Алиреза Тангсири Тегеран америкалық флоттың бұл аймақта кемелерді сүйемелдеуіне жол бермейтінін мәлімдеген.

Ал Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи Ормуз бұғазы жабық күйде қалуы тиіс екенін айтып, Иран оны АҚШ пен Израильмен қақтығыста қысым құралы ретінде пайдаланатынын жеткізді.

28 ақпан күні таңертең АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, ел аумағындағы нысандарға жаппай соққы жасаған. Соның салдарынан Иранның жоғарғы жетекшісі Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапты. Иран жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы беруде. Иранның шабуылдары аймақтағы араб елдеріне де әсер еткен.

Қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасы іс жүзінде тоқтап қалды. Бұл – Парсы шығанағындағы елдерден әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізетін негізгі бағыт. Бұған дейін осы бағыт арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен үштен бірі тасымалданатын, оның едәуір бөлігі Азия-Тынық мұхиты өңіріне бағытталатын.

Дүйсенбі күні Brent мұнайы бағасы барреліне 119 доллардан асып, 2022 жылдың маусымынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Баға шамамен 29–31 пайызға өсті. Газ бағасы да қымбаттады, әсіресе Еуропада. Ақпан айының соңынан бері ондағы биржалық бағалар 100 пайыздан астам өскен

Наверх