Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) БАӘ мен Бахрейндегі екі алюминий кәсіпорнына зымыран және дрон арқылы соққы берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ISNA агенттігі жариялаған ирандық әскери мәлімдемеге сәйкес, нысаналар аймақтағы АҚШ-тың әскери және аэроғарыш өнеркәсібімен байланысты болған. Соққы БАӘ-дегі Emirates Global Aluminium құрамына кіретін EMAL зауытына және Бахрейндегі ALBA зауытына бағытталған.
Иран қарсыластарының қауіп-қатеріне бұдан былай тек «көзге – көз» қағидасымен жауап бермейді. Жауап одан да ауқымды болып, қарсы тараптың әскери әрі экономикалық инфрақұрылымына әлдеқайда жойқын соққы жасалады, – делінген КСИР мәлімдемесінде.
«Коммерсант» басылымының хабарлауынша, екі компания да шабуыл болғанын растаған. ALBA өкілдері екі қызметкердің зардап шеккенін, қазір келтірілген шығын көлемі бағаланып жатқанын мәлімдеді. Ал БАӘ-дегі EGA құрамындағы Al Taweelah зауытында да зақым бар екені және бірнеше адамның жараланғаны айтылды. Дегенмен олардың өміріне қауіп жоқ.