Иран билігі АҚШ тарапынан жаңа қысым жасалған жағдайда оған «күйретуші жауап» беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Вашингтон Тегеран басшылығын әлсірету мақсатында тарихтағы ең қатаң қаржылық санкциялар енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлағаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент дүйсенбі күні жаңа санкциялар пакеті туралы толық мәлімет беретінін айтты. Бұл шаралар президент Дональд Трамптың Иранға «кез келген қолдау көрсететін» елдерге экономикалық салдар туындайтыны жөніндегі ескертуінен кейін қолға алынбақ.
Иран Қарулы күштері штабының бастығы, генерал-майор Әли Абдоллахи Ислам Республикасының жауабы ауқымды әрі қатаң болатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Иранның құрлықтағы, теңіздегі, әуедегі, әуе қорғанысындағы және киберкеңістіктегі дайындығы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы күйретуші әрі жазалаушы әрекеттер жасауға мүмкіндік береді.
Ал Иран парламентінің спикері әрі АҚШ-пен жүргізіліп жатқан делдалдық келіссөздердегі негізгі өкілдердің бірі Мұхаммад Багер Қалибаф Вашингтон тікелей әскери қақтығыста жеңіске жету мүмкін еместігін түсінген сияқты деп мәлімдеді.
Ол Иракқа жасаған сапары кезінде Иранның әділетсіз санкцияларға қарсы тұрудың жаңа жолдарын әзірлеуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар АҚШ пен Израильді елге қарсы экономикалық және «когнитивтік соғыс» жүргізіп отыр деп айыптады.