Иракта соңғы күндері соққан құмды дауыл салдарынан 3747 адам тыныс алу жолдарының қиындауына байланысты ауруханаларға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ France24-ке сілтеме жасап.
Елдің оңтүстігі мен орталығында байқалған құм көшкінінің кесірінен көру қашықтығы бір шақырымнан да төмендеген. Басра мен Наджаф қалаларындағы халықаралық әуежайлар уақытша жабылды. Жергілікті тұрғындар сары тұманмен көмкерілген аумақта еркін тыныстай алмай, жаппай медициналық көмекке жүгінген.
Ең ауыр жағдай Басра провинциясында тіркелді, мұнда 1000-нан астам адам ауруханаға түскен.
Ирактың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жағдайдың ушығуына жаһандық жылынудың әсері бар екенін айтып, алдағы жылдары мұндай құбылыстар жиілеуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.
Еске сала кетсек, Иракта 2022 жылы орын алған ірі құмды дауыл кезінде 5000-нан астам адам ауруханаға жатқызылып, бір адам қаза тапқан болатын.