Қазақстанның соңғы жаңалықтары

iPhone, ноутбук, теледидар: Сауда үйінде жалған промокодтар арқылы алаяқтық жасағандар ұсталды

Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Астанада сауда үйінің қызметкері бастаған алаяқтар тобы бір жыл бойы жалған промокодтар арқылы тұрмыстық техника мен электрониканы төмен бағамен сатып алып, үшінші тұлғаларға сатқан. Келтірілген залал 473,6 млн теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық қудалау органы алдын ала сөз байласу арқылы бір жыл бойы әрекет еткен алаяқтар тобын әшкереледі. 

Анықталғандай, сауда үйінің қызметкері 10 танысымен қылмыстық келісімге келіп, тұрмыстық техниканы төмен бағамен сатып алу үшін жалған промокодтар рәсімдеген.

Қылмысқа қатысушылар iPhone ұялы телефондарын, ноутбуктерді, теледидарларды, тоңазытқыштарды және басқа да электроника тауарларын сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға сатқан. Сауда үйіне келтірілген залал 473,6 млн теңгені құрады. Қылмыстың барлық 10 қатысушысы 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы. 

Келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптар толық көлемде қанағаттандырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде интернет-алаяққа жәрдемдескен күдікті ұсталған болатын. 

Сондай-ақ, жөндеуге тапсырылған алтындарды ломбардқа өткізген зергер ұсталған еді. 

Өзгелердің жаңалығы