Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен кездесті. Жиында Король еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы сындарлы рөлін жоғары бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол алдымен көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдірді.
Иордания біздің елдер арасындағы қарым-қатынастарды өте жоғары бағалайды және қолдайды. Бүгінгі кездесуде біз түрлі саладағы екіжақты байланыстарымызды тағы да растадық. Бұған дейінгі келіссөздеріміз өзара түсіністік туралы бірқатар келісім мен меморандумға қол қоюға мүмкіндік берген болатын. Бүгін де жаңа салаларда жаңа келісімдерге қол қойылады. Бұл денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы ынтымақтастығымызға мықты негіз болмақ, - деді Иордания Королі Ақордада.
Сонымен қатар ол бүгінгі бизнес-форум жеке сектордағы әріптестікті арттыруға, жалпы алғанда елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жаңа бағыттарға дамытуға тағы бір қадам болатынына сенім білдірді.
Біз Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы сындарлы рөлін жоғары бағалаймыз. Таяу Шығыстағы жағдайды бәсеңдетуге көмектесіп отырғаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Қазіргі таңда әлемдік аренада көп қиындық бар, сондықтан біз екіжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз, - дейді Абдалла бен әл-Хусейн.
Сондай-ақ Король Қазақстанның қарқынды дамуы мен жетістіктеріне ерекше тоқталып өтті.
Қазақстанның қарқынды дамуы мен жетістіктеріне ерекше тоқталғым келеді. Бұл табыстар халықтың еңбегінің ғана емес, сіздердің тиімді басшылығыңыздың нәтижесі деп білеміз. Осы сапарым Қазақстан мен Иордания халықтары арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолындағы жаңа бір кезең болады деп сенемін, - деп атап өтті ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен кездесті. Жиында екі ел қай салаларда серіктестікті дамытатыны белгілі болды.