Иордания Королі мен Өзбекстан басшысы Елбасына денсаулық тіледі

22 Маусым 2020, 22:22
2431
Бөлісу:
Иордания Королі мен Өзбекстан басшысы Елбасына денсаулық тіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Әңгімелесу барысында Өзбекстан Президенті Елбасына тезірек коронавирус сырқатынан сауығып, бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне оралуына тілектестік білдірді.

Тараптар екі ел үкіметтерінің коронавирус пандемиясын еңсеруге бағытталған шаралары туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев алдағы кездесулер мен іс-шаралардың кестесін талқылады.

Әңгіме соңында Елбасы Өзбекстан Президентіне жылы лебіздері үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы дәстүрлі достық және тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Телефон арқылы сөйлесуге өзбек тарапы бастамашы болды.

Сонымен қатар, Елбасының атына Иордания Королі ІІ Абдалладан жеделхат келіп түсті.

Иордания Королі Қазақстанның Тұңғыш Президентіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Сіздің коронавирус дертімен күресіп жатқаныңыз туралы хабарды естідім. Осы жайсыз хабарға алаңдай отырып, Сізге тезірек сауығып кетуіңізге тілегімді білдіру үшін жеделхат жолдауды жөн көрдім. Сіздің ең жақсы медициналық ем қабылдап жатқаныңызға сенімдімін әрі осы ем жақын арада оң нәтиже береді деген үміттемін. Өзіңізге тән мықты рухыңыз бен қажыр-қайратыңыздың арқасында дерттен тез айығып шығатыныңызға сенімдімін. Сізге деген жоғары құрметім мен ыстық ықыласымды білдіремін, – делінген жеделхатта.

Өзгелердің жаңалығы