Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өткен Business Integrity Forum-да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев инвесторларды толғандыратын мәселелер туралы айтты.
Оның сөзінше, бизнес-қоғамдастықты инвесторлық визалар, лицензиялар, салық салу, кедендік баждар, жоспардан тыс тексерулер және жер қатынастары мәселелері толғандырады.
Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды шешу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Мысалы бүгінде әртүрлі лицензиялар алу толығымен электрондық форматқа көшірілді. Қазір инвестициялық визаны алу туралы өтініш инвестициялық келісімшарт секілді онлайн режимде беріледі, - деді ол форумда.
Шпекбаев атағандай, елімізде көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтің 93%-ы электрондық режимде қолжетімді.
Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізілді. Тексерушілердің штатын қысқарта отырып, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, - деді Шпекбаев.
Еске сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Business Integrity Forum өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – іскерлік ахуалды жақсартудың өзекті мәселелерін талқылау, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.