Инвестициялық делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады

21 Қазан 2021, 21:30
8988
Бөлісу:
Инвестициялық делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2021 жылғы маусымнан бастап уәкілетті органның лицензиясы жоқ және жоғары кірістілікке кепілдік бере отырып, инвестициялық мақсаттар үшін клиенттердің ақшасын тартатын жосықсыз делдалдардың тізімін жариялауда. Оларға қаржылық қызметтерді тұтынушылардан жүздеген шағым түседі.

Fingramota.kz алаяқтарды қалай танып-білуге болатыны және өзін «инвестициялық компания» ретінде көрсететін ұйымның лицензиясын қалай тексеруге болатыны туралы айтып береді. 

Негізінен азаматтар Агенттікке Қазақстанның резиденттері болып табылмайтын, олармен шартты электрондық түрде жасаған инвестициялық компанияларға шағыммен өтініш жасайды. Бұл ұйымдардың бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ және Агенттік Қазақстан заңнамасына сәйкес олардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырмайды.

Сонымен бірге өтініштердің бір бөлігі қаржылық алаяқтықпен байланысты. Қаскүнемдер өздерін әлемдік нарықтарда белгілі инвестициялық компаниялар ретінде таныстыра отырып, азаматтардан конфиденциалды ақпарат пен ақшаны алаяқтық жолмен алдап сұрайды. 

Алаяқтар қандай схемалар ойлап тапты?

Алаяқтық схемалар көп жағдайда Forex нарығымен байланысты және онлайн режимде жасалады. Алаяқтар брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырамыз деген сылтаумен валюта нарығында операциялар жүргізілетін сайтты пайдаланушы азаматтардан ақшаны алдап алып қояды. Қаскүнемдер сайтты пайдаланушымен жалған қалалық нөмірлер, электрондық пошта арқылы өзара байланысып, қалтқысыз сендіру үшін халықаралық банктік брендтердің атынан хаттар жолдап, табысты және болашағы зор компанияның бейнесін жасайды. Кейбір жағдайларда олар пайдаланушының қырағылығын сейілту және өздерінің қызметін растау үшін олар ақша қаражатын салу ұсыныстарымен жалған бизнес-жоспарлар жібереді. Пайдаланушы өз еркімен белгілі бір соманы жібергеннен кейін, жалған брокерлер оларға ақшаның әртүрлі себептермен «банктен шықпай жатқанын» айтып, оны алу үшін белгілі бір пайыз төлеу қажеттілігін айтады. Психологиялық әсер ету түрлерін епті пайдалана отырып, алаяқтар сайт пайдаланушысын алдап, қосымша қаражат түсіруге тырысады. Мұндай айла-шарғы пайдаланушының мұндай компания қызметінің заңдылығына күмәндана бастап, олардың заңдылығын тексергенге дейін табысты жұмыс істейді. Алайда, осы жағдайда да алаяқтар өздерін түрлі қауіпсіздік қызметтерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, әлеуметтік инженерия әдістерін қолданумен қосымша жарналар төлеуді сұрайды. Салымдарын қайтарғысы келетін «құрбанның» қалауы ескеріліп, мұндай схема бірнеше рет іске асырылуы мүмкін. Аталған схеманың тетігі мен оны өңдеу инвесторлардың сеніміне және оларға психологиялық қатты қысым көрсетуге негізделеді.

Алаяқтар көп жағдайда клиентке Forex валюта нарығында шетел валютасын сатуға «құқық» береді, оны кредиттік тірек арқылы, яғни қарызға береді. Мұндай операциялардың валюталық жұптардың жоғары құбылмалылығымен инвестициялық шығындардың айтарлықтай тәуекелдері болады. Бұл ретте клиентке шетелдік заңнама бойынша жасалған шарт беріледі, бұл кейіннен даулар мен жанжалдарды шешуді, сондай-ақ инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді қиындатады.

Алаяқтар қалай жұмыс істейді?

Жалған брокерлер клиентке түрлі интернет-сервистер мен сауда платформалары арқылы шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен операциялар жасауға қашықтан «қол жеткізуге» мүмкіндік береміз деп сендіреді. Көбінесе мұндай ұйымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген және Қазақстан аумағында қашықтан немесе клиенттерге консультация беретін және өз сервистері арқылы қаражатты инвестициялау бойынша оқыту жүргізетін өкілдіктер, филиалдар арқылы жұмыс істейді. Бұдан басқа, Қазақстан нарығында сенімгерлік басқару қызметтерін ұсыну арқылы үшінші тұлғалардан ақша қаражатын тартатын жекелеген компаниялар жұмыс істейді. Бұл компаниялар кейіннен қаржы құралдарына және басқа да мүліктік объектілерге қаражат салады. Бұл ретте олардың тиісті лицензиясы болмауы мүмкін.

Бұл ұйымдар агрессивті жарнама науқанын жүргізеді, азаматтардың сенімімен және олардың кіріс алу ниетімен «ойнайды», оларға банктік салымдар сыйақының ағымдағы мөлшерлемелерінен асып кететін тұрақты жоғары пайданы уәде бере отырып адастырады. Сонымен қатар олар ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жария етпейді. Клиент «өзі тапқан» кірісті алуға әрекет еткен кезде бұл компаниялар клиентке оның ақшасын қайтарудан жалтарады, не қандай да бір себептермен клиенттердің шоттарының күшін жояды, бұл да осындай компаниялардың тарапынан алаяқтық әрекеттер белгілеріне ие.

Нағыз делдалды алаяқтан қалай ажыратуға болады?

Брокердің алаяқ емес, шын брокер екендігіне оңай илануға болады: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында онда бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының болуын тексеру қажет. Брокердің қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында көрсетілген барлық деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуге тиіс. Сонымен бірге реттеушінің сайтында жосықсыз инвестициялық делдалдардың тізіміне сәйкес салыстырып тексеру керек.

Инвестор қандай қағидаларды сақтауы тиіс?

Инвестор өз қаражатын қор нарығында немесе Forex нарығында инвестициялаған кезде оның нарықтық тәуекелдерден сақтандырылмайтынын және нәтижесінде кіріс алмай, шығынға ұшырауы мүмкін екендігін түсінген жөн.

Инвесторға шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен сауда жасау әртүрлі нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен ұштасатынын есте сақтау маңызды, сондықтан кез келген инвестиция нарықты, эмитенттердің қаржылық жай-күйін, бағалы қағаздың өлшемдерін мұқият талдауды және оған қатысты мөлшерленген шешім қабылдауды талап етеді.

Жаңадан келген инвесторға қарыз қаражатына, сондай-ақ қысқа мерзімді келешекте талап етілуі мүмкін қаражатқа инвестициялар жасауға болмайды. 

Реттеуші инвесторлар үшін қорғау тетіктерін жақсарту бағытында не істеп жатыр?

Агенттік ҚР Парламентінің Мәжілісіне заңнамалық түзетулер блогын енгізді, оған сәйкес реттеу аясына Forex нарығында жеке тұлғалар үшін қызмет көрсететін субъектілерді қосу, инвестициялық кеңес беруге қатысты жауапкершілікті күшейту, бағалы қағаздар нарығында теріс пиғылды практикаларға және айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды кеңейту, тиісті бағалау негізінде инвесторлардың тәуекел-бейінін айқындау жоспарлануда.

Бұл бастамалар Қазақстан аумағында лицензияланбаған делдалдардың қызметін шектеуге, сондай-ақ қазақстандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы