Адам небәрі екі аптаға интернеттен бас тартса, жады, психо-эмоциялық күйі мен организмнің жалпы жағдайы айтарлықтай жақсаратыны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
PNAS Nexus журналы ғылыми зерттеудің нәтижесін жариялады.
Жалпы, адам интернет-детоксикациядан соң өзін 10 жылға жас сезінетіні мәлім болды.
Зерттеуге АҚШ пен Канадада тұратын 467 адам қатысқан. Бір ай бойы олар барлық онлайн-ресурстарға қолжетімділікті бұғаттайтын, бірақ қоңыраулар мен мәтіндік хабарламаларға рұқсат беретін арнайы қосымшаның көмегімен интернеттен бас тартқан.
Алайда цифрлық диетаны ұстау оңай болмай шықты. Экспериментке келіскен бастапқы 467 қатысушының тек 119-ы ғана 14 күн бойы интернетсіз өмір сүруге шыдаған.
Олардың 91 пайызы психикалық денсаулығының айтарлықтай жақсарғанын айтты.
Эксперименттен соң қатысушылар көп уақыттарын адамдармен бетпе-бет кездесуге, спортпен шұғылдануға, серуендеуге және кітап оқуға арнай бастаған. Тіпті, кейбірі антидепрессант ішулерін тоқтатқан.
Ғалымдар адам үнемі интернетте байланыста болуы ми ресурстарын тоздырып, ойлау мен мінез-құлқын бақылауға кедергі келтіреді деп отыр.
Заман талабын ескере отырып, ғалымдар адамдарды интернеттен толық бас тарту мүмкін болмаса да, тәуліктің белгілі бір сағаттарында өшіріп қоюға кеңес береді.