Интернет арқылы дәрі сатқандарға заң жүзінде шара қолданылады

6 Шілде 2020, 16:06
1793
Бөлісу:
Интернет арқылы дәрі сатқандарға заң жүзінде шара қолданылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Алматы қаласындағы КВИ бойынша ағымдағы жағдай" тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында қаладағы медициналық мекемелердің қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілу мәселесіне тоқталды.

Барлық медициналық мекеме толық көлемде қажетті дәрі-дәрмектер, дәрілік заттар және жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген. Жергілікті халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесіне келер болсақ, өткен аптада дәрі тапшылығына қатысты ажиотаж болғаны рас. Бірақ, тиісті фарм-компаниялармен келіссөздер жүргізіп, халыққа аса қажетті дәрілер келіп түсуі керек қаладағы ірі дәріханалардың тізімін бердік, - деді ол.

Сағынтаев осы келіссөздер барысында дәріханалардың дәрілерді шекті бағадан қымбаттатпау, бір дәрінің бір адамға тек 3 данасын ғана сатуға болатыны туралы міндеттеме қарастырылғанын айтты.

5 шілде күні қаладағы дәріханаларға 150 мың "Парацетамол", 30 мың термометр, 20 мың "Ибупрофен", 35 мың "Ингавирин" және т.б. дәрілер түсті. Бүгін таңертең тағы 150 мың "Парацетамол" мен 50 термометр түсірілді. Ал, 8 шілде күні "Парацетамол" дәрісінің қосымша 80 мың, 12 шілдеде 850 мыңы жеткізіледі деп күтілуде. Дәрілер бағасын бақылау мақсатында мониторингтік топ құрылды. Олар қала дәріханаларында күнделікті бақылау жүргізіп отырады, - деді ол.

Бақытжан Сағынтаев интернет арқылы сатылып жатқан дәрілерге қатысты құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның айтуынша, кешелі бері 3 факт анықталған. Мұндай жағдайларға заң жүзінде шара қолданылады.

Бұған дейін қала әкімі стационарларға күнделікті қанша науқас түсіп жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы