Алаяқтардан сақтану жолдары туралы Сарыарқа ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жақай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде алаяқтар бірнеше әдісті пайдаланады. Біріншіден, олар банк қызметкерлері немесе қауіпсіз қызметінің қызметкері болып жасанды интеллект көмегімен дауысты, түрді өзгертіп хабарласады. Және нұсқаулық бойынша бірнеше әрекет етуді өтінеді.
Екіншіден, әлеуметтік желілерде тауар сату арқылы сан соқтыруы мүмкін. Бұл жағдайда сізден әртүрлі себеппен жоқ тауар үшін алғашқы жарна салуды өтінетін болады.
Үшіншіден, алаяқтар арнайы сайттарды пайдаланады. Бұл арқылы адамдардың жеке деректеріне қол жеткізіп, сол арқылы реквизиттерді алып, қаражаттарды жымқырады.
Төртіншіден, сілтемелер жібереді. Сілтемеге кірген адамның барлық ақпаратын алып, оның есептік жазбасына қол жеткізеді. Және таныстарына сол адам болып жазып, ақша сұрайды.
Сондықтан маман осы және басқа да жағдайларда мұқияттық танытуды өтінеді. Ешқашан жеке деректеріңізді біреуге айтпаңыз, банк және жеке құжаттарға күрделі құпия сөз қоюға кеңес береді. Өзіңіз білмейтін сілтемелерге мүлде кірмеуге шақырады. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз ішкі істер органдарына хабарласуға шақырады.