Инстаграмда заңсыз лотерея ойнатқандар 530 мың теңге айыппұл төлейді

5 Ақпан 2020, 14:26
2400
Бөлісу:
Инстаграмда заңсыз лотерея ойнатқандар 530 мың теңге айыппұл төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова лоторея операторынан басқа жарнамада "лотерея" сөзін қолдануға тыйым салу енгізіліп отырғанын айтты.

 
Заңнамада "лотерея таратушысы" агенті ұғымының жоқтығынан құқықтық коллизиялар пайда болып, көптеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, лотерея операторының қызметіне кедергі тудыртып отыр. Одан бөлек, заң жобасында лотереяны заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексінде лотереялық қызмет атын жамылып, алаяқтық қызметті жүзеге асырудан, жарнамада жалған лотереялық қызмет туралы ақпарат таратудан Қазақстан азаматтары қорғаусыз қалып отыр. Сондықтан лотерея операторынан басқа жарнамада "лотерея" сөзін қолдануға тыйым салу қарастырылды, - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, заңсыз лотерея өткізгендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр екен.
Бірінші рет заң бұзса, ескерту жасалады. Дәл осы жағдай  бір жыл ішінде тағы да лоторея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктегелі отырмыз, - деп нақтылады министр.

2020 жылғы көрсеткіш бойынша бір АЕК – 2651 теңгені құрайды. Яғни әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея өткізген әртістер, блогерлер 530200 теңге айыппұл төлейді.

Олар лотереяны өткізу үшін міндетті түрде лотерея операторымен келісімшартқа отырып, "лотерея таратушы" болуы керек.

Айта кетейік, 2017 жылғы ақпандағы ҚР үкіметінің қаулысымен лотерея операторы болып "Сәтті жұлдыз" АҚ танылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2019 жылы қанша заңсыз лотерея өткізгендер ұсталғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы