Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Инклюзивті білім беру жүйесі: Қазақстандағы жағдай қалай?

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов
Фото: BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында ауқымды реформалар жалғасып жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің BAQ.KZ тілшісіне ұсынған мәліметтеріне сәйкес, алдағы жылдары мектептерде қолайлы орта қалыптастыру, педагогтерді даярлау және психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесін кеңейту басым міндеттердің бірі болмақ.

Инклюзивті орта кеңейеді: 2029 жылға қарай 100% қамту жоспарланған

Министрлік инклюзивті білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында бірнеше стратегиялық құжаттарды іске асырып жатыр.

2023-2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында инклюзивті жағдай жасаған мекемелердің үлесін 2029 жылға дейін 100%-ға жеткізу міндеті қойылған. Ал 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолайлы орта қалыптастырған ұйымдар үлесін арттыру көзделген.

2025-2026 жылдары мектептерді инклюзивті білім беруге бейімдеу, педагогтер даярлығын күшейту, психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтарының қолжетімділігін арттыру сияқты бағыт бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Инфрақұрылым дамып келеді: инклюзивті мектептер 93%-ға жетті

Ұлттық білім беру деректер қорының статистикасы бойынша, соңғы үш жылда елдегі инклюзивті білім үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі 80%-дан 93%-ға өскен.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 99 арнайы мектеп жұмыс істейді.

Педагогтерді кәсіби дайындау үдерісі де күшейтілген. “Өрлеу” ұлттық орталығы мен Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын инклюзивті практикаларды енгізу, ЕБҚ бар балалармен жұмыс әдістемесі және жеке білім беру бағдарламаларын құрастыру бойынша 8 мыңға жуық мұғалімді қайта даярлайды.

Облыстық және қалалық әдістемелік орталықтар да тұрақты семинарлар, тренингтер мен тәжірибе алаңдарын ұйымдастырады.

Маман тапшылығы: 3 мыңнан астам арнайы педагог жетіспейді

Министрлік мәліметінше, елде 10 мыңнан астам арнайы педагог, 3,8 мыңнан астам педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсетіп отыр.

Балаға педагог-ассистент қажеттілігін ПМПК баланың жеке ерекшеліктеріне сәйкес анықтайды. Осы себепті мамандар тапшылығын алдын ала нақты болжау мүмкін емес.

Сонымен қатар 3 мыңнан астам арнайы педагог жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылы арнайы педагогтерді оқытуға 840 мемлекеттік грант бөлінді (2024 ж. – 656 грант), 5 педагогикалық колледжде логопедтер даярлау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің саны артып келеді

Инклюзивті қолдау көрсететін инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда 231 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді.

Бұл көрсеткіштер 2023-2029 жылдарға арналған салалық тұжырымдамада бекітілген жоспарлар аясында ұлғайып отырады.

Мектептерде инклюзивті мәдениет қалыптасуда

Министрлік 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті мәдениетті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен. Жоспар аясында педагогтердің кәсіби қауымдастықтарын құру, әдістемелік қолдау жүйесін күшейту, ата-аналар мен оқушыларды инклюзивті тәжірибеге тарту және толеранттылықты арттыратын мәдени, спорттық, ағартушылық шаралар өткізу қарастырылған. Жаңа оқу жылынан бастап жоспар жүйелі түрде іске асырылып жатыр.

Ата-аналардың рөлі және құқықтарды қорғау тетігі

ЕБҚ бар балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуі ата-аналардың белсенді қатысуымен жүзеге асады. Ата-аналар жеке оқу бағдарламаларын әзірлеуге, психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыруға дәне инклюзивті іс-шараларға қатысуға тартылып отырады.

Министрлік ерекше балалардың құқықтарын қорғауды ерекше бақылауда ұстайды. 2025 жылы Атырау, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында бір-бір шағымнан тіркелген.

Шағымдар бойынша Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, жергілікті білім басқармалары, білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері бірлесіп тез арада шара қолданады.

2025 жылғы 15-17 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет Инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс ұйымдастырылды.

Іс-шараға 50-ден астам елдің делегациясы қатысты. Олардың қатарында: Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Тәжікстан, Марокко, Катар, Ресей, Швейцария министрліктерінің өкілдері, UNESCO, UNICEF ұйымдары, халықаралық сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтар болды.

Конгрессте педагог даярлығы, ерте араласу, психологиялық-педагогикалық қолдау, цифрлық технологиялар, инклюзияның мәдени және халықаралық аспектілері талқыланды. Нәтижесінде қатысушылар Алматы декларациясын қабылдады.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл шара Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытуға жаңа серпін беріп, педагогтердің кәсіби құзыретін арттыруға ықпал еткен.

Қазақстан мен Израиль инклюзивті білім саласында ынтымақтастықты кеңейтеді

Конгресс аясында Қазақстан министрлігі Израильдің бірқатар ведомстволарымен Аймақтық ынтымақтастық министрлігі, Білім министрлігі, Халықаралық ынтымақтастық агенттігі, Сыртқы істер министрлігі арасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту бағытында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат екі ел арасында білім мен тәжірибе алмасуды, мамандардың біліктілігін арттыруды және сарапшылар мен ұйымдар арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуды көздейді.

Өзгелердің жаңалығы