Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде сақтау туралы қабылданған шешімді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономикада инфляциялық қысым сақталып отыр. Қысқамерзімді инфляциялық күтулер құбылмалы күйінде. Инфляцияның орнықты бөлігі біраз төмендегенімен, жоғары болып қалуда. Экономика жоғары қарқынмен өсіп келеді. Сұраныс ұсыныстан артып, бағаларға әсер етіп отыр. Сұраныстың жоғары деңгейде сақталып қалуына тұтынушылық кредиттеу қосымша себеп болды, - деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.
Айтуынша, сыртқы жағдай да көп нәрсеге әсер етіп отыр.
Сыртқы жағдай саудадағы шектеулердің өсуі мен геосаяси шиеленіс жағдайында қалыптасуда. Әлемдік азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсіп келеді. Осы факторлардың жиынтығы бағалардың өсуіне әкелді. Біз үшін инфляциялық күтулерді тұрақтандырып, инфляцияны төмендету – басым міндет. Сол үшін Ұлттық Банк ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын ұзағырақ сақтайтын болады. Проценттік саясатпен шектелмей, қатар қосымша шаралар кешені де маңызды рөл атқарады, - деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыратынын мәлімдеді.
Сондай-ақ несие беру қатаңдатылуы мүмкін екендігін айтты.