Үкімет экономика өсімін 6%-ға жеткізуді, инфляцияны 10%-ға дейін түсіруді көздейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтің кезекті отырысында Серік Жұманғарин жыл соңына дейін алға қойылған нақты міндеттерді атады. Олар:
• экономикалық өсімді кемінде 6% деңгейінде сақтау;
• инфляцияны 10%-ға дейін төмендету;
• шамамен 25 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту;
• негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 26 трлн теңгеге жеткізу;
• шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін шамамен 40% деңгейінде қамтамасыз ету.
Біз халықтың әл-ауқатын арттыру және сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырамыз, – дейді Серік Мақашұлы.
Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.