Индустрияландыру картасы: ШҚО-да 22 ірі жоба жүзеге асырылады

23 Қараша 2023, 19:27
490
Бөлісу:
Индустрияландыру картасы: ШҚО-да 22 ірі жоба жүзеге асырылады
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша 22 ірі жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2020-2022 жылдар аралығында 130,8 млрд теңгенің 12 жобасы жүзеге асырылды. 2025 жылға дейін 348,2 млрд теңгенің қалған 10 жобасын іске қосу жоспарлануда. Мұндай цифрлар ШҚО әкімдігінің отырысында айтылды.

Картаға 23,3 млрд теңгенің 3 жаңа жобасын енгізу мәселесі қосымша пысықталуда:

- «Шығысмашзавод» АҚ «Құю өндірісін жаңғырту», құны 13,4 млрд теңге, Өскемен қаласы;

- «Біздің Үй Құрылыс Компаниясы» ЖШС «Жұмыс істеп тұрған АЖТ шығаратын зауытты реконструкциялау және жаңғырту», құны 8,8 млрд теңге, Өскемен қаласы;

- «AgroVostok LTD» ЖШС «Ірімшік өндіру және сүт өңдеу үшін 800 бас ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасын құру», құны 1,1 млрд теңге, Ұлан ауданы.

2024 жылы 223,6 млрд теңгеге 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған:

- «Казцинк» ЖШС «Алтай» КБК байыту фабрикасының қазіргі өндірісін жаңғырту, құны 5 млрд теңге, Алтай ауданы;

- «Құрылыс ЖМK» ЖШС «Бентонит ұнтақтарын өндіру зауыты», құны 603 млн теңге, Тарбағатай ауданы;

- «East Smelting» ЖШС «ШҚО-да тау-кен байыту комбинатының құрылысы» (Қызылқайың кен орнында мыс өндіру және өңдеу), құны 216,6 млрд теңге, 1000 жұмыс орнын құрумен, Тарбағатай ауданы.

- «СІБЕ» фермерлік шаруашылығы» ЖШС «ІҚМ күтіп-бағудың толық циклімен 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құру», құны 551,8 млн теңге, Ұлан ауданы;

- «Орман Дала» ЖШС «Жылына 74 кг Доре қорытпасын өндіретін алтын кен орындарының алтын шығаратын фабрикасын салу», құны 850 млн теңге, Риддер қаласы;

- «Sunrise VEM» ЖШС «Азық-түлік өнімдерін (еттен жасалған жартылай фабрикаттарды) өндіретін және көтерме-бөлшек саудада өткізетін көпфункционалды кешен (І кезең)», құны 213 млн теңге, Өскемен қаласы.

Индустрияландыру картасы: ШҚО-да 22 ірі жоба жүзеге асырылады

Өскемен қаласында - 6 инвестициялық жоба, Ұлан ауданында - 4 жоба, Риддер қаласында - 2 жоба, Алтай ауданында - 2 жоба, Зайсан ауданында - 2 жоба, Тарбағатай ауданында - 2 жоба, Шемонаиха, Глубокое, Самар, Күршім аудандарының әрқайсысында бір-бір жобадан іске асырылуда, Катонқарағай ауданында инвестициялық жобалар жоқ.

Картаның іске асырылып жатқан жобалары: тау-кен металлургия өнеркәсібіне - 9 жоба, агроөнеркәсіп кешені саласына - 6 жоба, тамақ өнеркәсібіне - 4 жоба, қалған 3 жоба басқа салаларға жатады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қала және аудан әкімдіктерінің картаның инвестициялық жобаларын тарту және жүзеге асыру бойынша белсенділігінің төмен екеніне назар аударды.

Кейбір жобаның іске асырылуы аудандардың инвестициялық әлеуетіне сәйкес келмейді. Қалалар мен аудандар әкімдіктеріне өңдеу өнеркәсібіне, атап айтқанда тамақ, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және басқаларға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту қажет. Жағдай жасап беріңіздер, ал қалғанын кәсіпкерлер өздері жасайды, - деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Әкімнің айтуынша, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту технологиялар трансфертіне, жаңа өндірістерді (жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру) құруға және инновациялық қызметті жүзеге асыруға бағытталуы тиіс.

Аймақ басшысы 2028 жылға дейін Бірыңғай индустрияландыру картасының 10 жобасын іске асыруға тұрақты бақылау мен ай сайынғы мониторингті жүзеге асыруды және пайдалануға беруді тапсырды. Самар, Күршім, Глубокое, Катонқарағай аудандарының әкімдіктеріне Бірыңғай индустрияландыру картасына инвестициялық жобаларды тарту бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы