Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірінде алдағы бес жыл ішінде өндіріске «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуге қатысты 21 жоба жүзеге асырылмақ.
Шығыс өңірі өндіріс орындарына «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу жұмыстары бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі саналатыны рас. Олай деуге себеп те жоқ емес. Бүгінгі таңда облыста өндірістегі жұмыстарды цифрлық жүйеге көшіріп, адамдардың басқаруына оңтайластыруға бағытталған оннан астам жоба аяқталып үлгерген. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады.
Батыс елдерінде кеңінен қолданылатын төртінші өндірістік революция элементтерін отандық өндіріс орындарына енгізу туралы алғаш рет 2017 жылы Елбасының Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында айтылған болатын. Осы уақыттан бастап, ел Үкіметі кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу, өндірісті жаңғыртып, цифрландыру арқылы өндіретін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көптеп көңіл бөлуде. Киберфизикалық жүйелерді тұрмыс пен еңбекке кеңінен енгізу басталып, өндірісті автоматтандыруға қадам жасалды. Интернет, виртуалдық, цифрлық технологиялар, 3D-баспа, кванттық есептеулер, блокчейн және роботтандыру элементтері түрлі салаларға кеңінен енгізіле бастады.
Технологиялық мүмкіндігі жоғары Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындар үшін «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу қиын болған жоқ. Облыстың негізгі экономикалық бағыты өндіріске негізделгендіктен басты мақсат өндірісті цифрландыруға бағытталды. Осы ретте өткен жылы өңірде өндірісті цифрландыруға бағытталған Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Қазіргі уақытта облыстағы кәсіпорындар өндірісті «Индустрия 4.0» бағдарламасының элементтерін енгізу арқылы модернизациялауды бастап кетті. Өстіп, алдағы бес жыл аралығында аймақ бойынша жалпы сомасы 17,4 млрд теңге инвестицияны құрайтын цифрлық технологияларды енгізуге байланысты 21 жоба жүзеге асырылмақ. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, қолға алынатын жобалардың барлығы инвесторлардың өз қаражаттары арқылы іске асырылмақ көрінеді. Ал, атқарылатын жұмыстар нәтижесінде экономикалық пайда 37 млрд теңгеден асып жығылады деп жобалануда.
Қазіргі уақытта өңірде «Казцинк», «Востокцветмет», «KAZMineralsAktogay», «Азия Авто», «Өскемен титан-магний комбинаты» мен «Бұқтырма цемент компаниясы» сияқты 6 өндірістік кәсіпорын өз жұмысында цифрлық технологияларды қолдануда.
Жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан бергі уақыт аралығында облыста жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 11 жоба аяқталды. Оның ішінде жалпы сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын алты жоба өткен жылы ғана соңына жеткізілді.
Олардың төртеуі «Казцинк» ЖШС базасында жүзеге асты. Олардың ішінде мысал ретінде келтіре кетуге болатын жоба – Малеевск кен орнына қысқа мерзім аралығында мобильді ұжымды басқарудың «Pitram» жүйесін енгізу» жобасын айта кетуге болады. Жалпы сомасы 587 млн теңгені құраған жоба 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Оның арқасында кен орнындағы жұмыстарда автоматтандырылған басқару жүйесін қолдануға, құрылғылардың жұмысы туралы ақпарат алуға, ұжымның нақты уақыт аралығында қай жерде болғанын біліп отыруға қол жеткізілді.
Жобаны жүзеге асыру ауқымды ақпаратты жедел өңдеп, 3D визуалдау әдістерін қолдануға мүмкіндік беруде. Жобаны кәсіпорын жұмысында қолданудың арқасында мобильді ұжымның шахталардағы қозғалысын қысқа уақыт аралығында басқару тұжырымдамасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде жерасты жұмыстары мен ондағы жұмысшылардың қауіпсіздігі артып, шахтадағы жұмысшылар мен құрылғылардың қай жерде жүргенін біліп отырудың арқасында еңбек өнімділігі артып, жағдайы жақсара түсті, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов.
Оның айтуынша, жоба жүзеге асырылатын 5 жыл уақыт аралығындағы экономикалық пайда 1,3 млрд теңгені құрап, жұмыстарға кететін басы артық шығындарды 10 пайызға азайтуға мүмкіндік жасалмақ. Бұған қоса, биылғы жылы «Үлбі металлургия зауыты» жалпы сомасы 479,6 млн теңгені құрайтын бір жобаны биыл аяқтамақ ниетте.