Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индонезияның Сулавеси аралындағы жер сілкінісі мен Калимантандағы су тасқынынан зардап шеккендердің жалпы саны 96-ға жетті, шамамен 70 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі апатқа қарсы ұлттық басқармаға (BNPB) сілтеме жасап.
Бұған дейін жер сілкінісінен 78 адамның құрбан болғаны туралы хабарланған болатын. Басқарманың мәліметінше, Индонезияның Батыс Сулавеси провинциясында 81 адам 6,2 баллдық жер сілкінісінен қайтыс болды, тағы 15 адам Оңтүстік Калимантан провинциясында су тасқынының құрбаны болды.Басқарманың баспасөз хатшысы Радитья Джатидің айтуынша, 28 мыңға жуық адам үйлерін тастап, Батыс Сулавеси провинциясы мен Маджене округіндегі эвакуация орталықтарына орналастырылған. Су тасқынынан бас сауғалаған тағы 40 мың адам Оңтүстік Калимантан провинциясына эвакуацияланды. Джати жер сілкінісі 1150-ден астам ғимараттың, оның ішінде бес мектептің қирауына әкелгенін атап өтті.
Оңтүстік Калимантан провинциясында су тасқынына байланысты 25 мыңға жуық үй су астында қалды. Провинциядағы су тасқыны 14 қаңтарда қатты жаңбырдан кейін басталды. Өңірде төтенше жағдай жарияланды.
Апаттарға қарсы ұлттық басқарма басшысы Дони Монардо эвакуацияланған азаматтар арасында COVID-19 таралу қаупіне байланысты билік коронавирусты тез диагностикалау үшін жедел сынақтарды қолданатынын айтты.
Айт кетейік, жергілікті уақыт бойынша жұма күні түнде Батыс Сулавеси провинциясындағы Мамуджу қаласының жанында 6,2 баллдық жер сілкінісі болды. Бастапқыда жер сілкінісі салдарынан 15 мыңға жуық адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді. Ел президенті Джоко Видодо апат құрбандарының отбасыларына көңіл айтып, жергілікті билік органдарына жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін жедел әрекет етуді бұйырды.