Индонезияның Суматра аралында бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған су тасқыны мен көшкіннен қаза тапқандар саны 248 адамға дейін өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы апталарда көптеген адамның өмірін жалмаған қолайсыз ауа райы әлі де өз ықпалын тоқтатар емес.
Индонезияның Төтенше жағдайлармен күрес ұлттық агенттігінің мәліметінше, құтқарушылар тағы бірнеше адамның денесін тапқан. Осылайша, ресми тіркелген құрбандар саны 248-ге жетті.
500-ден аса зардап шеккен адам медициналық көмек алып жатыр.
Билік өкілдері құрбандар саны бұдан әрі артуы мүмкін екенін айтады. Себебі кей өңірлерге жолдар жабылып, құтқарушылар жетуге мүмкіндік болмай отыр.
Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігі жақын күндері ауа райы жақсармайтынын, жауын-шашын мен қолайсыздықтар жалғасатынын ескертті.
Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттік мыңдаған үй мен ғимаратты су басқанын, мыңдаған отбасының баспанасын тастауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ су тасқынынан теміржол желілері мен көпірлер қираған, егістік алқаптары бүлінген, мал шаруашылығына және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай залал келген.