Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодарлық орманшылар Ертіс өзенінің жайылымынан еліктің екі лағын тауып алды. Енді жетім қалған жануарларға қамқор болуда.
Сала мамандарының айтуынша, лақтар аш күйінде табылған. Жанында анасы болмағандықтан, алып кетуді шешкен.
Лақтар Павлодарское ауылындағы шаңғы базасын паналап жатыр. Орманшылар оларды сүтпен қоректендіріп, күтіп-баптайды. Сонымен қатар, ветеринарлық клиникаға апарып, тексеруден өткіздік. Ұялас лақтардың бірі ұрғашы, бірі еркек болып шықты. Нәзік жануарларға Жеңіс және Победа есімдерін бердік. Біз оларды туғанынан үш күн өткенде тауып алдық, - дейді Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме басшысы Аждар Жүсіпов.
Ветеринарлардың хабарлауынша, еліктер үш айдан соң өздігінше қоректене алады. Сол кезде шөп жей бастайды. Алдағы уақытта жағдайлары жақсарса, Қарағанды зоопаркіне жеткізілуі мүмкін немесе табиғат аясына босатылмақ. Мамандардың айтуынша, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
Әзірге үш сағат сайын сүт қоспасын ішіп, ширап жатыр. Өздері кішкентай бала сияқты. Сондықтан, нәрестелерге берілетін қоспа беріледі. Уақыт өте келе ешкі немесе сиыр сүтіне көшеміз. Ветеринарлардың кеңестерін тыңдап, тексеруге апарып отырамыз, - дейді орманшылар.
Айта кетейік, Ертіс өңірінде еліктердің популяциясы өскен. Облыс аумағындағы алты орман шаруашылығы нысандарында тіршілік ететін жұптұяқтылардың саны қыста 500-ден асып шығылған. Қар көп түсіп, аяз қатайғанда орман мамандары жануарларға қосымша қорек береді. Шөп пен тұз үнемі беріледі.