Індет арқылы Құдай бізден нені түсінгенімізді қалайды? – Қайрат Жолдыбайұлы

24 Шілде 2020, 11:36
7095
Бөлісу:
Індет арқылы Құдай бізден нені түсінгенімізді қалайды? – Қайрат Жолдыбайұлы

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемдік мына індетке қарсы қолымыздан келген ем-домның бәрін жасармыз. Науқасқа шалдыққан жандардың сауығып кетуі үшін қандай себеп қажет болса, соның бәрін орындауға тырысармыз. 

Бірақ мәселенің рухани жағын ұмытпауымыз керек. Адамзатқа түскен осынау ауыр індет астарындағы негізгі мәнді түсінуіміз ләзім деп жазды Facebook-тегі парақшасында белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы. 

Әлемді дүр сілкіндірген тәжтажал вирусы әлдебіреулердің қолымен әдейі жасалуы мүмкін деген болжам рас болған жағдайда да, біз, мұсылмандар барлық нәрсенің тек Алланың рұқсатымен ғана жүзеге асатындығына кәміл сенеміз. Атам қазақтың “Құдайсыз қурай да сынбайды” дейтіні де, міне, сондықтан. Олай болса, індет арқылы Құдай бізден нені түсінгенімізді қалайды? Адамзаттың басына үйірілген бұл қара бұлт қайтсек сейіледі? Қай жерден мүлт кеттік? Осы жағын көбірек ойлануымыз қажет, - деді ол. 
Ол атап өткендей, вирустағы тәж бейнесі әрқайсымыздың ішіміздегі “мен” деген пұтымыздың көрінісі іспетті. 
Иә, адамның нәпсісін қытықтайтын қазіргі жаһандану дәуірінде ішіміздегі “меннің” семіріп, ісінгені соншалық, бейне бір табынатын құдайға айналды. Әрқайсысымыз өз ішімізде түрлі құдайларды жасап алып, соған құлдық ұрудамыз. Адамның атаққұмарлығы, үнемі мақтау іздеп, мадақ сөзді дәм ететін мақтаншақтығы, өзгені менсінбейтін тәкаппарлығы, кез келген жетістікті иеленіп алатын менмендігі, өзін шектен тыс жақсы көретін өзімшілдігі, қатесін мойындамайтын тоңмойындығы, дүние үшін досын да сатып жіберетін дүниеқоңыздығы, күштінің алдында бүгежектеп, мүләйімси қалатын пайдакүнемдігі, бәрі-бәрі ішіміздегі сол бір “Мен” деген пұтты тояттандырып, қанағаттандыру үшін ғана керек. Адамның “мені” пұтқа айналғанда, шынайы жаратушы Құдай ұмыт қалады. Алланың аты тілдің ұшымен айтылса да, жүректен шынайы орын ала алмайды. Мұндай жағдайдағы құлшылық сыртқы көріністе Аллаға жасалғанымен, шын мәнінде іштегі “мен” деген пұтқа арналады. Олай болса, кішкентай көзге көрінбейтін вирус алдында шарасыз күйге түскен пенде ең әуелі ішіндегі “Менді” тастап “Оған” көңілін шынайы бұруы керек. Шынайы Құдайды тауып, өзіміз қолдан жасап алған сансыз жалған пұттардан арылуымыз қажет. Әлсіздігімізді, әлжуаздығымызды мойындап, Құдайға шынайы тәубе етіп, бас июіміз ләзім, - деді ол. 
Ол атағандай, ауа жетпей жан тапсырғандарды, демігіп шарасыз күй кешкендерді көріп бір жұтым ауа үшін қолымыздағы барымызды беруге дайын екенімізді сезіндік.
Оттегін іздеп қандай әбігерге түстік?! Ал сол ауаны былайғы уақытта бір сәт үзбей, тегін беріп тұрған Аллаға деген алғысымыз бен шүкіріміз қай деңгейде? Ойлансақ, тек ауа ғана емес, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған әрбір ағзамыздың, басқа да Алланың тегін берген қаншама есепсіз нығметінің, сансыз жақсылығының қадірін білмей жүрміз. Ал қадірін білу дегеніміз не? Меніңше, ол ғұмыр бойы шынайы түрде Жаратушыға деген алғыспен өмір сүру. Оның алдында қарыздарлығымызды сезіну. Осы күндері талай танысымыздан аяқ астынан айырылып қалдық. “Кешірші, кешірдім” деп айтуға немесе басқа жылы сөзімізді арнауға үлгере алмай, іште қаншама өкініш қалды. “Әттең, бұлай кенеттен арамыздан кететінін білгенімде, көңілін қуантар бір жақсы нәрсе жасап қалар едім-ау” деп те көкірек күрсінеді. Қысқасы, бұл індет саналы адамға өмірдің шолақ, әрбір көңілдің қымбат екенін көрсетті, - дейді ол. 
Қайрат Жолдыбайұлы атағандай, қазақы мұсылмандық дәстүрде жерге жаңбыр тамбай қуаңшылық болғанда, арнайы құрбандық шалынып, тасаттық беріледі. 
Құдайға тәбе етіліп, жамағат күйінде жалбарынып, тілек тіленеді. Қазіргі індет те солай. Күнәларымызға тәубе етіп, Жаратқанға жаппай жалбарынатын уақыт. “Менді” тастап, Жаратқанға бет бұратын заман. Бір-бірімізге мейірім көрсетіп, айналамызға қол ұшын беріп, көмекке жүгіретін сәт. Уа, Раббымыз, Өзіңнің құзырыңа барғанда ұялмайтындай мына дүниеде ғұмыр кешуді баршамызға нәсіп ет! Адамзаттың шектен шығып бара жатқан азғындығын кешір! Оларға мейіріміңді төгіп, рақым ете гөр, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы