Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй кезегінде тұрған 36 отбасы Павлодар облысының Екібастұз қаласына қоныс аударды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілеріне тұрғын үй кезегінде тұрған 3 және одан да көп балалары бар отбасылардан өтініштер қабылдау туралы хабарландыру жариялаған болатын.
«Бүгінге дейін Екібастұз қаласына 102 отбасы (600-ден астам адам) көшіп барды. Бүгін 36 отбасы (68 ересек, 148 бала) көшеді. Көшіп барған азаматтарға республикалық бюджет есебінен көмек көрсетеміз. Оның ішінде жол шығынын өтеу үшін субсидия беріледі. Оларды көшіру үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен арнайы көлік бөлінді. Бұдан бөлек, көшіп барған пәтерде 1 жыл бойы тегін тұрулары үшін республикалық бюджеттен ақша бөлінеді. Ары қарай 4 жыл бойы пәтер ақысын өздері төлеп, 5 жылдан кейін өз аттарына аударып алу мүмкіндігі болады. Көшіп барған тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіліп, балалар балабақшаға тегін барады. Бұл отбасыларды көшірмес бұрын қай мектепте, қай балабақшада қанша орын бар, қай мекемеде қандай жұмыс орны бар екені есептелді», - дейді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов.
2025 жылға дейін Павлодар облысына 100 000 адам көшіру жоспарланған.
«Еңбек» бағдарламасына кірген 6 өңір бар, олар: Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облысы. Осы өңірлерден 2025 жылға дейін 100 000 адам көшірілу жоспарланған. Әлеуметтік келісімшарт бұзылған жағдайда жалға берілген пәтер мемлекетке қайтарылады. Сол себепті қойылған шарттарды сақтап, жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп тұрулары керек. Осыған дейін көшкен тұрғындардың 50% жұмысқа орналасты», - дейді ол.
Екібастұзға көшетіндердің арасында елордада 18 жыл бойы пәтер жалдап жүрген отбасылар да бар.
«Мен 5 баланың анасымын. Тұрғынүй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға Екібастұз қаласына көшуге мүмкіндік жасалып жатқаны туралы естідік. Бастапқыда бұл ақпаратқа сенбедік. Уақыт өте келе «Ең бастысы баспана емес пе? 10 жыл бойы пәтер жалдап, айына кемінде 100 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Мемлекет жағдай жасап тұрған кезде неге көшпеске?» деп ойладық. Жолдасым темір ұстасы, ал мен мамандық бойынша заңгермін. Елордаға 2009 жылы Тараз қаласынан көшіп келгенбіз. Шынын айтқанда, жалдап жүрген пәтер иелерінің қас-қабағына қараудан шаршадық. Балаларымның үлкені 11 жаста болса, кішкентайы 9 жаста. Көп бала болған соң олар үйде ойнап, шуласа да көршілер шағым жасай ма деп қорқып отырасың», - дейді көпбалалы ана Әйгерім Биғазиева.
Бұл отбасы Екібастұз қаласына бұрын барып көрмеген.
«Естуіміз болмаса, ол қандай қала екенін білмейміз. Бірақ үмітіміз ақталады деп ойлаймын. Тәуекел етіп, көшуге бел будық», - деді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Мәкен Бақтияр бұл бағдарлама Елбасының стратегиялық саясатын ары қарай жүзеге асырудағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы Ертіс» бағдарламасын ары қарай жалғастырып, жергілікті атқару органдарымен бірлесіп орындау екенін айтты.
«Павлодар облысына көшіп барған кезде балаларыңыздың балабақшасы, жұмысқа орналасудан бастап үй беруге дейін барлық жағдай жасалады. Мұның бәрі сіздер үшін жасалып жатқан мүмкіндік. Сіздер бұған дейін елордамыздың тұрғыны болдыңыздар, сол себепті қобалжып тұрмыз, қимаймыз. Ертеңгі күні осында тұрған бүлдіршіндеріміз Екібастұз қаласына барып жақсы білім алып, үлкен азамат болып, еңбек етеді деп ойлаймын. Осының бәрі балалардың, еліміздің болашағы үшін. Аман-есен жетіңіздер. Мен де сіздермен бірге жолға шығып, сол жақтан қарсы аламын. Менің мақсатым – сіздерге қандай пәтер, қандай мүмкіндік берілетінін өз көзіммен көріп қайту. Алда Құрбан айт мерекесі келе жатыр, мұның бәрі Алла тағаланың нәсібімен болатын жолдама», - дейді қала әкімінің орынбасары.