Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен онлайн баспасөз конференциясында ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров Әбдіғаппар Смановтың жаназасына қатысты пікір білдірді.
Пандемия кезінде діни рәсімдерді өткізуге байланысты ҚМДБ 18 маусым күні нұсқаулықтар жариялады. Шілденің 1-і күні Сарыағаш ауданында болған жағдай, марқұм Әбдіғаппар Сманов мырзаның халық арасындағы құрметіне, беделіне жақсы көретін шәкірттерінің көптігіне байланысты болған. Жаназадан бұрын, қайтыс болған күні Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді ҚМДБ нұсқаулығы шыққанын, санитарлық нормаларды сақтау керегі туралы видеомәлімдеме жасаған болатын. Алайда жаназаға Сарыағаш ауданының маңындағы азаматтар да қатысқаны белгілі болды, - деді ол.
Өз кезегінде бас мүфти шыққан пәтуа қараға да, ханға да бірдей екенін айтты.
ҚМДБ пәтуалары, бүгінгі мәлімдемелер қасиетті Құранға сүйене отырып жасалған. Шыққан фәтуа қараға да, ханға да бірдей. Оны сақтауымыз керек. Әрине, жақсы көретін адамдарымыз болады, бірақ пәтуа одан жоғары. Жаназа намазы бірнеше адамның оқылуымен, қалған адамдардың мойнына түсетін құлшылық. Қазір індет жаппай тарап жатқан кезде, адамның өміріне түсетін қауіпті ойлау керек. Өзіңіз ауырмай, ертең отбасындағы бір адамға ауру алып келсеңіз, онда үлкен күнә жасап қоямыз, - деді Наурызбай қажы.
Естеріңізге сала кетейік, 1 шілде күні белгілі дін қайраткері
Әбдіғаппар Сманов дүние салған болатын.