Америкалық миллиардер, SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск АҚШ пен Еуропа арасында еркін сауда орнатуды қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Масктың айтуынша, қос тарап “нөлдік тарифтерге ұмтылып, іс жүзінде еркін сауда аймағын құруы керек”. Бұл пікірін ол Италияның оңшыл күштерінің жетекшісі Маттео Сальвини ұйымдастырған Флоренциядағы “Лига” партиясының съезінде бейнебайланыс арқылы сөйлеген кезінде айтты.
Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп ЕО елдерінен әкелінетін тауарларға, соның ішінде Италияға, 20 пайыздық жаңа баж салығын енгізетінін жариялағаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды. Айта кетейік, Италия мен АҚШ арасындағы сауда балансы оң көрсеткішке ие.
Маск сондай-ақ ұзақ мерзімді болашақта АҚШ пен ЕО арасындағы “өте тығыз және берік серіктестікті” көргісі келетінін айтты.
Ол континенттер арасында жұмысқа орналасу ережелерін жеңілдетуге де шақырды.
Егер адамдар Еуропада немесе Солтүстік Америкада жұмыс істегісі келсе, оларға ондай мүмкіндік берілуі керек. Айтпақшы, бұл – мен президентке берген кеңесім, – деді ол Сальвинимен сұхбатында.
Бұған дейін Маск Еуропада жаппай көші-қонға байланысты лаңкестік оқиғалар толқыны орын алуы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп кәсіпкердің үкіметтен кететіні туралы хабарлаған еді. Журналистердің “Маск қызметінен қашан кетеді?” деген сұрағына Трамп: “Меніңше, бірнеше айдан кейін” деп жауап берген.