Америкалық миллиардер, SpaceX басшысы Илон Маск жақын арада мемлекеттік қызметтен кетіп, өз компанияларын басқаруға қайта оралады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Politico-ға сілтеме жасап.
Ақ үйде құжаттарға қол қою рәсімі кезінде сөйлеген сөзінде Трамп Масктың Үкіметтің тиімділігі департаментіндегі (DOGE) қызметі оның "уақытша рөлі" аяқталғаннан кейін, яғни мамыр айының соңында аяқталуы мүмкін екенін айтты.
Менің ойымша, ол керемет адам, бірақ ол үлкен компанияны басқаруы керек, сондықтан бір кезде оған қайтып оралуына тура келеді. Ол мұны қалайды. Мен оны мүмкіндігінше ұзақ ұстаймын, – деді Трамп.
Трамп әкімшілігінің арнайы кеңесшісі болып тағайындалған Маск АҚШ-тың федералды бюджет тапшылығын азайтуға бағытталған шараларды басқарды. Оның үкіметтік шығындарды қысқарту, соның ішінде мемлекеттік мекемелердегі жұмыс орындарын азайту жөніндегі бастамалары әрі мақтауға, әрі сынға ұшырады.
Алайда қоғам DOGE-нің даулы тәсілдері салдарынан туындаған хаосқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың қатарында ондаған мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан босату бар.
Масктың мемлекеттік қызметте болу мерзімі 130 күнді құрайды және ол мамыр айының соңында аяқталады. Бұған дейін Ақ үй шенеуніктерінің бірі Масктың Трамппен жұмысын жалғастыруы мүмкін екенін болжаған болатын. Алайда оның уақытша тағайындалу мерзімі аяқталып келе жатқандықтан, миллиардердің қызметтен кетуі енді сөзсіз көрінеді.
Өз жұмысында Маск үкіметтік ысырапшылдықты жою және алаяқтықпен күресу арқылы АҚШ бюджет тапшылығын 1 триллион долларға қысқартуға тырысты. Алайда Quinnipiac жүргізген соңғы сауалнама көрсеткендей, сайлаушылардың жартысынан көбі Маск пен DOGE-нің елге кері әсер ететінін ойлайды. Дегенмен, Трамп DOGE жұмысының ұзақ мерзімді нәтижесіне сенімді екенін жеткізді.
Бір сәтте министрлер бұл жұмысты өздері атқара алатын болады, – деді Трамп, Маскпен тығыз жұмыс істеген кабинеттің мүшелерін меңзеп.
Осы уақытта Масктың басқа бір ірі компаниясы – Tesla елеулі қиындықтарға тап болуда. Компанияның электромобиль сатылымы бүкіл әлемде төмендеп, 2025 жылдың бірінші тоқсанында акциялардың бағасы 36%-ға құлдырады.